$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Жолдаудың әр бастамасын қазақстандықтарға барынша түсіндіруіміз керек - М. Құл-Мұхаммед

AstanaTV
12.01.2018ж. 20:00
3038
Жолдаудың әр бастамасын қазақстандықтарға барынша түсіндіруіміз керек - М. Құл-Мұхаммед

Жолдаудың әр бастамасын, әр жақсылығын қазақстандықтарға барынша жеткізуіміз керек. Бұл маңызды құжат әрбір қазақстандықтың өміріне, денсаулығына, әл-ауқатына деген Елбасының нақты қамқорлығын айқын көрсетіп отыр. «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед Елбасының биылғы халыққа арнаған жолдауына қатысты осылай деді. «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» деп аталатын Жолдауға қолдау білдіру мақсатында «Қазақстан-2050» Демократиялық күштердің жалпыұлттық коалициясының кезекті отырысын өткізді.

Жиынды ашқан «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары жаңа Жолдаудың Қазақстанның жүйелі жаңғырудағы 10 басым бағытын жүзеге асыруды қамтамасыз ететін бірегей бағдарламалық құжат екенін айтты.

Мұхтар Құл-Мұхаммед, "Нұр Отан" партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары:

Елбасымыздың биылғы Жолдауын мен осыған дейінгі мемлекетті саяси, экономикалық, әлеуметтік және рухани жаңғыртуға бағытталған аса үлкен бастамалардың заңды жалғасы деп есептеймін. Және бұл жолғы Жолдау әрбір қазақстандыққа, оның өміріне, оның денсаулығына, оның әл-ауқатына деген Елбасының нақты қамқорлығын айқын көрсетіп отырған жолдау. Сондықтан сіздер мен біздердің ендігі жердегі мақсатымыз осы. Жолдаудың әрбір бастамасын, әрбір жақсылығын барша қазақстандықтарға жеткізу деп есептеймін.

Жолдауда 5 жыл ішінде агроөнеркәсіп кешеніндегі еңбек өнімділігін және өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын, кем дегенде 2,5 есеге арттыру туралы тапсырылды. "Ауыл шаруашылығын қарқынды дамыту өнімнің сапасы мен экологиялық тазалығын сақтай отырып жүргізілуі қажет. Бұл бүкіл әлемге танылатын «Қазақстанда жасалған» табиғи азық-түлік брендін қалыптастырып, ілгерілетуге мүмкіндік береді", - деді президент. Кәсіпкерлер партиясы мұны қолдауға әзір.

Азат Перуашев, "Ақ жол" партиясының жетекшісі:

Ұнымыз болсын, ет өнімдері болсын, барлығы сапалы деп санайды. Оны әлі күнге дейін көрсете алмай жүрміз. Бренд ретінде көрсету үшін, табиғи тазалық біздің ауыл шаруашылығының маркасы болу керек. Ауыл шаруашылығында тек таза технологияға, жаңа әдістемелерге жол ашуымыз керек.

"Қазақстан азаматтық альянсы" бірлестігінің басшысы әр адамның өміріне етене еніп кеткен интернет пен жедел технологияны дамыту мәселесі жолдауда нақты айтылған дейді. Онда "Мемлекеттік органдар жедел жауап беру режімінде азаматтардың ескертпелері мен ұсыныстарын есепке алу үшін заманауи цифрлық технологияларды қолдануға тиіс. Мемлекет пен компаниялар жаңа технологияларды енгізе отырып, өз ақпараттық жүйелері мен құрылғыларының берік қорғалуын қамтамасыз етуі керек", -делінген.

Тәңірберген Бердоңғаров, «Қазақстан азаматтық альянсы» ЗТБ президенті:

Қазір әлеуметтік желі, электронды үкімет жақсы дамыған. Үкіметті әр адамның қолында бар қарапайым смартфон арқылы басқаруға мүмкіндік бар. Президент жолдауда интернет технологияны дамытуға басымдық берген.

Демократиялық күштердің «Қазақстан-2050» жалпыұлттық коалициясының отырысына елдегі жетекші партиялардың басшылары, Парламент депутаттары, Қазақстан халқы ассамблеясының, кәсіби және қоғамдық бірлестіктердің өкілдері қатысты. Нәтижесінде Жолдауға қолдау білдірген, еліміздің барша азаматтарын жылдың басты құжатын талқылау және түсіндіру жұмыстарына белсенді қатысуға шақырған Үндеу қабылданды