Қарағандыда екі отбасы бір қабірге таласып жатыр. Біреуі дәл сол жерге анасын жерленгенін айтса, екіншісі тәтесінің денесі жатыр деп жеңістік бермейді. Даудың ушыққаны сонша сотта қаралып жатыр.
Айгүл Жамиленованың анасын туыстары 2024 жылы 19-ыншы қарашада Құрылыс ауылындағы зиратқа жерлеп, кейін қабір орнын кеңейтіп белгі қойған. Жарты жылдан соң қызы марқұмның басында бейтаныс құлпытас пен қоршауды көріп абдырап қалғанын айтады. Сөйтсе ол басқа отбасының туысы болып шыққан. Айгүл Жамиленова дауласып түк шығара алмаған соң сотқа жүгінеді. Алайда процессте жеңіліп қалды.
АЙГҮЛ ЖАМИЛЕНОВА, ТҰРҒЫН:
Мен ол жерде анамның жерленгеніне сенімдімін. Басқа әйелге құлпытас қойып тастағандықтан, басына бара алмай жүрмін. Балаларыммен барып белгі қойып кеткем, шатасуым мүмкін емес. Олар менің анамды қазып алып, орнына өз тәтелерін жерлемеген шығар. Сондықтан шатасып отырған өздері. Жерлеуге қатысқан қаншама туыстарымның сөзін де ескермеді.
Екінші отбасының өкілі заңгер Дариға Шораева аталған қабірдің Айгүл Жамиленованың анасыныкі емес, Нұрхан Майлыбаев деген азаматтың тәтесінікі екенін айтады. Марқұм алғашқы мәйіттен бір апта өткенде қойылыпты. Оған нақты дәлел ретінде жерлеудің келесі күні түсірген видеосы сотта қаралған. Ал арызданушының ондай дәлелі жоқ,- дейді.
ДАРИҒА ШОРАЕВА, ЗАҢГЕР:
Сотта біз айғақ ретінде видеоны көрсеттік. Онда Нұрхан Майлыбаев тәтесі жерленген күннің ертеңінде әпкесі, әйелі бәрі бірге барып қабірді, сол жерге бұрғыланып жатқан белгіні түсіріп туыстарына жіберген. Түсірілімде барлығы анық көрініп тұр.
Айта кетейік бұл зират қоршалмаған, қабірлер есепке де алынбапты. Жергілікті әкімдік өкілдері 12 гектар жер бөлгенімен, қоршауға рұқсат берілмеген. Яғни, зират қараусыз.
ӘЛЕМ КӨПБАЕВА, ҮШТӨБЕ АУЫЛДЫҚ ОКРУГЫНЫҢ ӘКІМІ:
Зиратты қоршауға Нұра- Сарысу бассейні инспекциясы рұқсат бермеді, өйткені ол Соқыр өзенінің арнасында орналасқан. Сондықтан біз есеп жүргізе алмаймыз, ондай ұйым жоқ. Адамдар өздері келісіп жерді қаздырып, туыстарын жерлеп жүр. Қазір бұл мәселені қарап жатырмыз, сондықтан зират жабылуы да мүмкін.
Ал жер қазатын кәсіпкер Айгүл Жамиленова анасының бейітін шатастырып алуы мүмкін деп болжайды. Оның ойынша зираттың келесі жағында екі жыл бұрын дәл қараша айында қойылған тағы бір қабір бар.
КӘСІПКЕР:
Бұл кісілер оң жақта дейді ғой, ана мен айтып тұрған ол сол жағында. Мен ол кісілерге оны көрсеттім, но ол кісілер категорийческий мойындамайды. Уақыты бәрі келіп тұр, ноябрьде 2024 оның барлығы сәйкес келіп тұр.
Алайда Айгүл Жамиленованың анасын туыстары жерлеген. Сотта олар куәлік еткен. Арызданушылар керісінше Нұрхан Майлыбаев тәтесін ақтық сапарға өзі шығарып салмаған, сондықтан шатасып отыр. Ал айғақ видео көктемде түсірілген,- дейді. Тіпті соттан эксгумация жасатуды сұрамақшы. Бұған екінші тарап мүлде қарсы. Іс жуықта апелляциялық сотта қайта қаралмақшы.