$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Президент Михаил Шайдоровты ІІ дәрежелі «Барыс» орденімен марапаттады

Президент Михаил Шайдоровты ІІ дәрежелі «Барыс» орденімен марапаттады

Астанаға аяғы тиер-тиместен Михаил Шайдоров Ақордаға ат басын тіреді. Олимпиада чемпионын Мемлекет басшысы өз резиденциясында қабылдап, екінші дәрежелі Барыс орденімен марапаттады.  Президент сондай-ақ спортшының әкесі мен жаттықтырушыларына да зор ілтипат танытты.

Бұл - Қазақстан 32 жыл бойы күткен тарихи жүлде. Бұған дейін мәнерлеп сырғанаудан ел қоржынына алтын бұйырмап еді. Президент Михаил Шайдоровтың олимпиададағы өнерін "тарихи жетістік, нағыз триумф" деп атады. Бүгінгі нәтиже оның жылдар бойғы қажырлы еңбегінің жемісі екені даусыз. Ол күллі әлемге елімізде әйгілі спортшы Денис Теннің жолын жалғаған дарынды жастардың бар екенін дәлелдеді. Чемпионның тамаша жеңісі енді Лозаннадағы халықаралық олимпиада комитетінің музейінде тіркеледі.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ: 

Ол тәуекелге барып, жер-жаһанның басты байрақты бәсекесіндегі жеңісті жұлып алды. Бұл да кездейсоқ емес. Өзіне берілген жалғыз мүмкіндікті екінің бірі сәтті пайдалана алмайды. Әдетте жарысқа түскенде «бақ шаба ма, бап шаба ма» деп жатады. Бірақ «еңбек – бәрін де жеңбек» деген ұлағатты да ұмытпайық. Михаилдың жеңісі мыңдаған жастарымызды спортпен шұғылдануға жігерлендірді. Демек еліміздің ұландары әлемдік спорттың биігінде жарқырай көрінетін күн алда. Бүгін біз жеңіске жетуге бар күш-жігерін жұмсап, жеке рекордтарын жаңартқан Михаил мен ұлттық құрама мүшелерін құттықтаймыз.

Қасым-Жомарт Тоқаев Олимпиада чемпионының әкесі әрі алғашқы бапкері Станислав Шайдоровтың еңбегіне айрықша тоқталды. Еліміздің  көк Туын әлемнің басты спорт аренасында желбіреткен отаншыл азаматты тәрбиелегені үшін алғыс айтты. Толағай табыстың артында Михаилдың жаттықтырушыларының ерен еңбегі жатыр. Президент оларды да ұмыт қалдырмады. Бапкері Алексей Урмановты екінші дәрежелі Достық орденімен мараптаттады. Ал «Құрмет» ордені мәнерлеп сырғанаудан ұлттық құрама командасының бас жаттықтырушысы Әсем Қасановаға, мәнерлеп сырғанаудан жаттықтырушы Станислав Шайдоровқа, конькимен мәнерлеп сырғанау одағының президенті Бауыржан Ералыға табысталды.

МИХАИЛ ШАЙДОРОВ, ОЛИМПИАДА ОЙЫНДАРЫНЫҢ ЧЕМПИОНЫ:

Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы! Бұл кездесуге Олимпиада чемпионы ретінде қатысу – мен үшін зор мәртебе. Алтын медаль – менің ғана емес, ата-анамның, бапкерлерімнің және мен үшін алаңдап, қолдау көрсеткен барша қазақстандықтың жеңісі. Бұл аянбай тер төгіп жұмыс істесең, жақын жандардың махаббаты мен сенімі болса, армандардың орындалатынын көрсетеді. Президент мырза, Сіздің қолдауыңыздың арқасында спортшылар үлкен жетістіктерге, жаңа тарихи рекордтарға қол жеткізіп жүр. Мен Олимпиада алтынымен шектелмеймін. Алдымда ұзақ жол бар. Елімнің сенімін ақтап, жас ұрпаққа үлгі болып, халқымыздың мерейін үстем еткім келеді. Рахмет Сізге! Сүйікті Отаныма, Қазақстаныма қызмет етемін.

Биылғы олимпиадада бақ сынаған спортшы саны бойынша Қазақстан 25-орынға табан тіреді. Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет тарапынан бұқаралық және кәсіби спорттың дамуына қолайлы жағдай жасала беретінін айтты. Бұл – мемлекеттік саясаттың ажырамас бағыты. Өйткені әр азаматтың жетістігі - ел дамуының көрсеткіші. Алдына биік мақсат қойған әрбір спортшы қолдауға ие болады.