$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Ақтөбе облысында жалған нөмірмен жолаушы тасымалдаған автобус анықталды

Ақтөбе облысында жалған нөмірмен жолаушы тасымалдаған автобус анықталды
Polisia.kz

Ақтөбе облысында жалған нөмірмен жолаушы тасымалдаған автобус анықталды. Патрульдік полиция қызметкерлері "Тасымалдаушы" жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында жолаушылар тасымалын жүзеге асыратын көлік құралдарына тексеру жүргізуде. Ерекше назар қоғамдық көліктердің рейс алдындағы бақылауына және қалааралық автобустардың техникалық жай-күйіне аударылуда. Рейдтік іс-шаралар барысында бірқатар құқық бұзушылықтар анықталды. Атап айтқанда, Ресей Федерациясына жолаушылар тасымалдаған Toyota Corolla автокөлігі қарсы қозғалыс жолағына шыққан. №29 бағыттағы маршруттық автобустың жүргізушісі алдыңғы бүйір әйнектері күңгірттелген көлік құралын басқарған. Ал №51А бағытындағы автобус жүргізушісі жаяу жүргіншілерге жол бермеген. Сонымен қатар Шымкент – РФ бағыты бойынша қатынаған VAN HOLL автобусын тексеру кезінде көлік құралы жолаушылар орындықтарын алып тастау арқылы жатын орындарға қайта жабдықталғаны анықталды. Сондай-ақ Шымкент – Атырау бағытымен жүрген VAN HOLL автобусы тоқтатылды. Құжаттарды тексеру барысында VIN-код бойынша бұл автобусқа өзге мемлекеттік тіркеу нөмірі бекітілгені белгілі болды. Аталған дерек бойынша жүргізушіге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 590-бабы 4-бөлігімен әкімшілік іс қозғалды. Бұдан бөлек, қолайсыз ауа райы жағдайында азаматтарға көмек көрсету фактілері де тіркелді. 23 ақпан күні Қостанай – Қарабұтақ автожолының Әйтеке би ауданы Жүргенов кентінен 60 шақырым жерде патрульдік наряд Шымкент – Челябинск бағытымен келе жатқан Setra автобусын анықтады. Дизель отынының қатып қалуына байланысты көлік тоқтап қалған. Салонда 26 жолаушы болған. Полиция қызметкерлері әйелдер мен баланы эвакуациялап, ер адамдарды ТЖД өкілдерімен бірлесіп мешіт ғимаратына орналастырды. Жедел-профилактикалық іс-шаралар жалғасуда.