$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Семейде заң бұзған тіс емханасына айыппұл салынды

26.02.2026ж. 14:02
Семейде заң бұзған тіс емханасына айыппұл салынды
Фото: istockphoto.com

Семей қаласындағы стоматологиялық клиникалардың бірінде Қазақстан Республикасының өлшем бірлігін қамтамасыз ету саласындағы заңнама талаптарының бұзылғаны анықталды. Аталған бұзушылықтар медициналық қызмет көрсету кезінде міндетті талаптардың сақталуына жүргізілген тексеру қорытындысы бойынша белгілі болды.

Бақылау іс-шараларын Сауда және интеграция министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитетінің Абай облысы бойынша департаменті Қазақстан Республикасы прокуратура органдарымен бірлесіп жүргізілді.

Тексеру нәтижесінде пациенттерді диагностикалау және емдеу кезінде белгіленген тәртіпте міндетті салыстырып тексеруден өтпеген өлшем құралдарының қолданылғаны анықталды. Салыстырып тексеруден өтпеген өлшем құралдарын пайдалану Қазақстан Республикасының өлшем бірлігін қамтамасыз ету туралы заңнамасының талаптарын бұзуы болып табылады.

Денсаулық сақтау саласында салыстырып тексеруден өткен өлшем құралдарын қолдану міндетті, өйткені олардың дәлдігі пациенттердің денсаулығы мен қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді.

«Медициналық практикада өлшеулердің дәлдігі пациенттердің денсаулығы мен қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді. Өлшем құралдары дәрілік препараттар мен анестезия дозаларын есептеу кезінде, пациенттің жағдайын бақылауда және медициналық жабдықтың жұмысын қамтамасыз етуде қолданылады. Салыстырып тексеруден өтпеген аспаптарды пайдалану дұрыс емес нәтижелерге әкеліп, көрсетілетін медициналық көмектің сапасы мен қауіпсіздігіне қауіп төндіруі мүмкін», – деп атап өтті Техникалық реттеу және метрология комитетінің төрағасы Жанна Есенбекова.

Бұдан бөлек, Қазақстан Республикасында стоматологиялық көмек көрсету кезінде қолайсыз салдарлармен аяқталған жағдайлар, оның ішінде Астана қаласында да, тіркелген. Бұл аталған салада тексеру іс-шараларын жүргізуге және бақылауды күшейтуге негіз болды.

Тексеру материалдарын қарау қорытындысы бойынша ұйым әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Субъектіге 696 325 теңге мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынды.