$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Қарағандыда 13 жастағы оқушы қызды аяусыз таяқтың астына алған жасөспірімнің үшеуі қамалды

26.02.2026ж. 19:00
Қарағандыда 13 жастағы оқушы қызды аяусыз таяқтың астына алған жасөспірімнің үшеуі қамалды

Қарағандыда 13 жастағы оқушы қызды аяусыз таяқтың астына алған жасөспірімнің 3- еуі ғана қамалды. Қалғандары бостандықта жүр. Бүгін оқушының анасы әлеуметтік желі арқылы кінәлілерді заңмен қатаң жазалауды сұрап құқық қорғау органдарынан көмек сұрады.

Мына видеоны Надежда Кошель өзінің жеке парақшасында жариялады. Қызы 13 жастағы Арина мектептен қайтып бара жатып еш себепсіз соққыға жығылған. Оқушыны 13- тен 17 жас аралығындағы 6 жасөспірім таяқтың астына алған. Өз әрекеттерін телефондарына түсіріп тұрған. Бұл видеоны әлі күнге дейін көрсетпей отыр. Айуандардың екеуі жігіт, қалғандары қыз. Қыздардың біреуі бұрын жапа шегушімен бір сыныпта оқып кейін басқа мектепке ауысып кеткен. Алайда Арина екеуінің арасында ешқандай келіспеушілік болмаған. Бұл туралы “ Астана” арнасына Надежда Кошельдің заңды өкілдері хабарлады. Отбасы екі бірдей қорғаушы алған. Қорғаушылардың бірі- Марал Сайлаубайдың айтуынша оқиғаға күдікті тағы 3 жасөспірім бар. Бүгінде жасөспірімдердің үстінен бірнеше қылмыстық іс қозғалды.

МАРАЛ САЙЛАУБАЙ, ҚОРҒАУШЫ:

Зардап шеккен тарап ҚР заңы аясында күдіктілерді қатаң жазалауды сұрайды. Қазір қыз бала ем алып жатыр. Отбасының жалғыз баласы. Толық жақсы отбасында тәрбиеленген, мектепте еш проблемасы болмаған. Анасы екеуі де өте ауыр соққы алды, екеуіне де психологиялық көмек қажет. Сондықтан кінәлілерді қатаң жазалауды сұраймыз. Сондай- ақ бұндай әрекетке барған балалар оқыған мектеп, білім бөлімі қайда қараған? Олдан қандай бір мінез байқалуы тиіс еді ғой, бізде оларға сұрақ көп.

БАҚЫТЖАН ҚҰДИЯРОВ, ОБЛЫСТЫҚ ПД РЕСМИ ӨКІЛІ:

Жанжалдың бастамашылары болып табылатын жасөспірім ұл мен қыз уақытша қамау изоляторына қамалды. Қалған қатысушылардың әрқайсына тергеу әрекеттері аясында құқықтық баға берілетін болады. Кәмелетке толмағандардың ата- аналарына балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін әкімшілік хаттама толтырылды. Тергеу аяқталғаннан кейін кінәлілерді арнайы білім беру ұйымдарына жолдау мәселесі бойынша шешім қабылданды.

Ал Қарағанды облыстық полиция департаментінің хабарлауынша жанжалды бастаған ұл мен қыз уақытша изоляторға қамалған. Қалғандарына қатысты шешім тергеу аяқталған соң қабылданады.