$541.34 €640.73 ₽6.53
×

БҚО-да үсік шалып, қол-аяғынан айырылғандар көбейді

26.02.2026ж. 19:00
БҚО-да үсік шалып, қол-аяғынан айырылғандар көбейді

Батыс Қазақстан облысында үсік шалғандар екі есе көбейді. Аязды күні далада қалып, қол-аяғынан айрылғандардың көбі - ауыл тұрғындары. Дәрігерлердің айтуынша, ауыр халде түскен науқастардың бірі туберкулезге шалдыққаны анықталыпты. Кейін ауруы асқынып, көз жұмған. Ал енді бір тұрғын пеш жағылмаған үйінде ұйықтап қалып, екі аяғын үсітіп алыпты. Тексере келгенде оның жүрегінде кінәраты бары анықталды.

ТАТЬЯНА КОННОВА, ТҰРҒЫН:

Оянғанымда бір аяғым көрпенің сыртында ашық қалғанын байқадым. Бірақ басында ештеме сезбедім. Кейін аяғым сыздап ауырғасын қарасам, қарайып кетіпті. Сосын дәрігерлер осында тиісті емін жасап, екі аяғымды да кесіп тастады. Әйтпесе ауру денеге шауып кетуі мүмкін екен.

Дәрігерлердің айтуынша, науқастардың көбі орта жастан асқан ер адамдар. Олардың арасында үйсіз қаңғырып жүрген кезбелер де бар. Биыл үсік алғандардың көбеюін мамандар аяздың күшеюімен байланыстырады. Сондықтан жолға шыққанда сақ болу керек дейді. Себебі былтыр 14 желтоқсандағы боран кезінде төрт адам көз жұмды. Тағы бір азамат әлі іздестіріліп жатыр.

АБЗАЛ УТЕПОВ, ДӘРІГЕР ХИРУРГ:

Операциясыз тек екі науқас шықты. Қалған науқастардың бәріне операция жасалды. Қол және табандары үсіп қалып, көбінің табандары кесілді. Қолдары жарты науқастарда кесілді. Адамдар мас болған кезде көбіне білмей қалады. Сосын ұйқысы келіп, үйіне жете алмай, сол сыртқа ұйықтап қалады. Кейбірінің үйлері болмайды. Сол үйде ұйықтап қалады сезбей қалады, қатты мас болғасын.