Шынайы ризашылық құрғақ сөзбен емес, жүректен шыққан игі іспен өлшенсе керек. Бүгін елордадағы «Шарапат» орталығында нағыз мерекелік думан болды. Қариялар мен тағдыр тауқыметін тартқан жандар үшін ән мен биден шашу шашылып, ерекше құрмет көрсетілді.
Бүгін «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығында алғыс айту дәстүрі ізгі амалдармен өрілді. Астана қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасымен ұйымдастырылған қайырымдылық акциясы жыл сайынғы үзілмес үрдіске айналған..
САУЛЕ ҚАЙЫРОВА, «ШАРАПАТ» ОРТАЛЫҒЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК ЖҰМЫС ЖӨНІНДЕГІ ОРЫНБАСАРЫ:
Бұл шара жыл сайын өтеді. Бүгін Қазақстандағы барлық ұлт өкілдері, түрлі диаспора өкілдері осында бас қосады.
Қазіргі таңда бұл шаңырақты 340-қа жуық адам паналап отыр. Олардың арасында түрлі ұлт өкілдері, қарттар мен тағдырдың сынына түскен жандар бар. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шуақты кештер жалғызды жабырқатпай, қариялардың көңіліне көктем сыйлайды.
НАРГИЗАМ МАХМҰДОВА, АСТАНА ҚАЛАСЫ ҚХА ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Жыл сайын осындай акциямен келіп тұрамыз. Бүгін сыйлықтарымызды да алып келдік. Дәл қазір бізде концерттік жоба болады және әртүрлі мәдени бірлестіктердің әртістері, әншілері, бишілері өнер көрсететін болады. осы үйдің тұрғындары, пансионаттың тұрғындары көңіл күйін көтереді.
Сахна төрінде жас, дарынды әртістер өнер көрсетті. Әр этностың болмысын бейнелейтін билер мен көздің жауын алатын түрлі-түсті костюмдер көрерменді тәнті етпей қоймады.
ХАНИФА МАЦИЕВА, «ВАЙНАХ» ХАЛЫҚТЫҚ ШЕШЕН-ИНГУШ АНСАМБЛІНІҢ КӨРКЕМДІК ЖЕТЕКШІСІ:
Біз мұнда үнемі өнер көрсетеміз. Бұрын бұл сахнаға ересектер тобы шығатын. Ал биыл балаларды алып келуді жөн көрдік. Үлкен буын кішкентай балалардың биін көрсе, қатты қуанып, ерекше әсер алады деп ойлаймыз.
Мереке соңында қарияларға азық-түлік себеттері табысталды. Десе де, жиылғандар үшін ең басты сыйлық - заттай дүние емес, жыл сайын асыға күтетін шынайы мейірім мен ыстық ықылас.