$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Олжас Бектенов Еуразиялық даму банкі басшысымен инвестициялық жобаларды талқылады

27.02.2026ж. 11:41
Олжас Бектенов Еуразиялық даму банкі басшысымен инвестициялық жобаларды талқылады
Фото: Үкімет

Олжас Бектенов ЕАДБ басшысы Николай Подгузовпен бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелерін талқылады. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады. 

Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов Еуразиялық даму банкінің басқарма төрағасы Николай Подгузовпен кездесу өткізді. Онда экономиканың басым бағыттарындағы жобаларды жүзеге асыру мәселелері және инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі кеңейту перспективалары талқыланды.

Кездесу барысында Премьер-министр ЕАДБ-ның кезекті стратегиялық кезеңінің аяқталғаны және Қазақстанда жобаларды жүзеге асыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы хабардар етілді.

Банктің жинақталған портфелінде инвестициялардың жалпы көлемі $19,6 млрд болатын 326 жоба бар. Тек 2022-2026 жылдары ЕАДБ қатысушы елдердің экономикасына $9 млрд инвестициялады, оның ішінде $5,2 млрд инвестициялық міндеттемелер Қазақстанға тиесілі, бұл Банктің бұған дейінгі 15 жылдағы инвестициялар көлемімен тең. Соңғы төрт жылда ел экономикасына салған инвестиция көлемі жыл сайын $1 млрд-тан астам болған болса, 2025 жылы $1,5 млрд-қа жетті.

Қазақстанның ЕАДБ-ның ағымдағы инвестициялық портфеліндегі үлесі бүгінгі күні 64,9%-ды құрайды. Банктің елімізге салған инвестициялары негізгі секторлар бойынша бөлінген: шамамен $2,1 млрд — өнеркәсіпті дамытуға, $1 млрд — энергетикаға, $1 млрд — көлік инфрақұрылымына, $1 млрд — қаржы секторына бағытталған.

Жүзеге асырылған маңызды жобалардың ішінде — «Силлено» газ өңдеу зауытының, Атырау облысындағы KPI газ-химия кешенінің құрылысы, тау-кен металлургия кешенінің кәсіпорындарын жаңғырту, Қарағанды, Алматы, Ақтөбе қалаларындағы ЖЭО-ларды қайта жаңарту және тағы басқалар бар. Банк дәстүрлі энергетиканың да, жаңартылатын энергетиканың да дамуын белсенді қолдайды. Атап айтқанда, Қазақстанда шамамен әрбір 8 кВт ЕАДБ қатысуымен өндірілді. Бұл Қарағанды, Түркістан, Ақмола және тағы да басқа облыстардағы жобалар. Көлік саласында ҚТЖ үшін локомотивтер мен жүк вагондарын жеткізу және автомобиль жолдарын реконструкциялау бойынша жобалар қаржыландырылды. Цифрлық бастамалар қоры және техникалық жәрдемдесу тетіктері арқылы ЖИ мен цифрлық платформаларды дамыту саласындағы жобаларға қолдау көрсетіледі.

Осы жылы ЕАДБ ірі жобаларды, оның ішінде өңдеу өнеркәсібінде, тау-кен өндіру секторында және тағы да басқа салаларда қаржыландыруды жалғастырады. Атап айтқанда, Өскемен ЖЭО-ны жаңғырту жалғасады, бұл қаланы жылумен жабдықтау сенімділігін арттыруға және жабдықтардың тозуын азайтуға мүмкіндік береді. Түркістан және Қызылорда облыстарында жаңа өндіруші қуаттарды іске қосатын екі күн электр стансасын салу жоспарланған. Телекоммуникация саласында байланыс инфрақұрылымы мен цифрлық қамтуды дамытуға инвестициялар көзделген. Өнеркәсіпте өндірісті ұлғайтуға және жаңа жұмыс орындарынашуға бағытталған жобаларды жүзеге асыру жоспарланған.

ЕАДБ басқарма төрағасы банктің ел экономикасын дамытуға және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға жан-жақты жәрдемдесуге дайын екенін атап өтті. Николай Подгузов Қазақстанда жүргізіліп жатқан Конституциялық реформа, оның ішінде елдегі инвестициялық ахуалды одан әрі жақсартуға ықпал ететінін жеткізді.

Премьер-министр мемлекеттің ағымдағы басымдықтарына сәйкес келетін базалық инфрақұрылымды дамытуға инвестиция салудың маңыздылығын атап өтті. Бұдан әрі өзара іс-қимылдың негізгі бағыттарының бірі Қазақстанда да, басқа елдерде де белсенді дамып келе жатқан цифрлық күн тәртібі болып саналатыны айтылды. Бұл бағытта бірлесіп жұмыс істеу үшін айтарлықтай әлеует бар.

Кездесу қорытындысы бойынша сындарлы әріптестікті одан әрі нығайтудың және Қазақстан экономикасының тұрақты дамуы мүддесінде инвестициялық ынтымақтастықты кеңейтудің маңыздылығы атап өтілді.