$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Сербия Президенті «Алтын қыран» орденімен марапатталды

27.02.2026ж. 14:37
Сербия Президенті «Алтын қыран» орденімен марапатталды
Фото: Ақорда

 Сербия Президенті Александр Вучич Қазақстанның ең жоғары наградасы «Алтын қыран» орденімен марапатталды. Бұл туралы Ақордада мәртебелі мейманмен келіссөздерден кейінгі БАҚ өкілдеріне арналған бірлескен мәлімдеме барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты. 

 — Сербия — Қазақстанның Балқан түбегіндегі маңызды әрі сенімді серіктесі. Достық, өзара қолдау және ортақ мүдде елдеріміздің ынтымақтастығына арқау болып отыр. Мен 2 жыл бұрын Белградқа жасаған сапарымды ыстық ықыласпен еске аламын. Сол кездегі келісімдердің табысты іске асырылып жатқанын ерекше ризашылықпен атап өткім келеді. Биыл екі мемлекеттің дипломатиялық қатынас орнатқанына 30 жыл толады. Президент Александр Вучичтың сапары осы мерейлі межеге тұспа-тұс келіп отыр, — деді Мемлекет басшысы.

Президенттің атап өтуінше, осы уақыт ішінде Қазақстан мен Сербия арасында барлық деңгейде өзара сенімді арқау еткен саяси диалог орнады. Нақты шарттық-құқықтық негіз қалыптасты.

— Үкіметтеріміз нәтижелі жұмыс істеп, парламентаралық байланыс нығайып келеді. Сауда-экономика және инвестиция саласындағы ынтымақтастық күшейді. Мәдени-гуманитарлық бағытта айтарлықтай табысқа қол жеткіздік. Халықаралық ұйымдар аясындағы ықпалдастығымыз тереңдей түсті. Бұған Сербия Президентінің қосқан үлесі орасан зор. Біз мұны өте жоғары бағалаймыз. Сондықтан бүгін жоғары мәртебелі Президент Александр Вучичты Қазақстан Республикасының ең жоғары наградасы «Алтын қыран» орденімен марапаттадым. Бұл награда қазақ елінің Сізге және бүкіл Сербия халқына деген ерекше құрметі, шынайы ілтипатының белгісі. Мызғымас достық пен қолдауға негізделген серіктестігіміз алдағы уақытта да нығая береді деп сенемін, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сербия Президенті мұндай марапатты иелену зор мәртебе екенін айтып, бұл екі ел арасындағы қарым-қатынасты одан әрі нығайтуға ықпал ететініне тоқталды.

— «Алтын Қыран» орденін ерекше құрметпен қабыл алдым. Бұл марапат маған өзара байланыстарымызды арттыру және бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету жолындағы ортақ істе зор жауапкершілік жүктейді. Келешек ұрпақтың игілігі үшін Сербия мен Қазақстанның достығы нығая беруіне тілектеспін, — деді Александр Вучич.