Щучинск қаласында дәмханада болған жарылыстан 7 адам қаза тапты. Олардың арасында 16 жастағы жасөспірім қыз бар. 28 адам түрлі жарақат алған.
Оқиға «Палау орталығы» дәмханасында болған. Нысан бес қабатты тұрғын үйге жапсарлас орналасқан. Алдын ала мәлімет бойынша, ғимарат ішінде жиналған газ-ауа қоспасына ұшқын тиіп, жарылыс болған. Кейін өрт шыққан. Оқиға орнына өрт сөндірушілер, құтқарушылар, жедел жәрдем бригадалары және санитарлық авиация жетті.
НАРИМАН ЕРМЕК, ОБЛЫСТЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
Зардап шеккендерді эвакуациялауды Төтенше жағдай министрлігінің қызметкерлерімен бірлесіп жедел жәрдемнің 4 бригадасы жүргізді. Оқиға орнында 5 адам қаза тапты, тағы 2 адам ауруханаға жеткізілген кезде көз жұмды. Бурабай аудандық ауруханасының жансақтау бөлімінде жағдайы ауыр және аса ауыр халдегі 4 науқас жатыр, 3 науқас травматология бөлімінде, 8 адам амбулаториялық ем қабылдауда.
6 науқас ауыр күйікпен Көкшетау қаласындағы көпсалалы облыстық ауруханаға жеткізілген. Жарылыстан кейін қылмыстық іс қозғалып, қазір оқиғаның нақты себептері мен мән-жайлары анықталуда. Аймақ әкімінің сөзінше, қайтыс болғандардың отбасы мүшелеріне 2 миллион теңгеден, ал зардап шеккендерге 1 миллион теңгеден өтемақы беріледі. Қазір барлық қажетті көмек көрсетілуде.
АРАЙ САДЫҚОВ, БУРАБАЙ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ:
Барлық қажетті көмек толық көлемде көрсетілуде. Әкімдік жерлеу рәсімдерін ұйымдастыруға байланысты барлық ұйымдастырушылық мәселелерді өз мойнына алды. Қаралы іс-шараларға қатысу үшін келетін туыстарды орналастыру және алып жүру бойынша көмек көрсетілуде.