$541.34 €640.73 ₽6.53
×

"Резеңке пәтер" іс-шарасы: Атырауда 100-ден астам құқық бұзушылық анықталды

"Резеңке пәтер" іс-шарасы: Атырауда 100-ден астам құқық бұзушылық анықталды
Polisia.kz

Атырау облысының аумағында 18-21 ақпан аралығында "Резеңке пәтер" республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді. Іс-шараның негізгі мақсаты – азаматтарды тұрғылықты жері бойынша тіркеу тәртібінің сақталуын бақылау және көші-қон заңнамасы талаптарының орындалуын қамтамасыз ету. Тексеру нәтижесінде Қазақстан Республикасының азаматтары мен шетел азаматтары арасында 101 әкімшілік құқық бұзушылық дерегі анықталды. Аталған фактілер бойынша тұрғын үй иелеріне қатысты Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 492-бабы (Қазақстан Республикасында тіркеусіз немесе жеке басын куәландыратын құжаттарсыз тұру) және 493-бабы (Тұрғынжай иесінің онда нақты тұрмайтын адамдарды тіркеуге жол беру) негізінде әкімшілік хаттамалар толтырылды. Сонымен қатар тіркелген мекенжайы бойынша нақты тұрмайтын 56 адам тіркеуден шығарылып, оларға заң талаптарына сәйкес нақты тұрғылықты мекенжайы бойынша тіркелу қажеттігі туралы ескерту жасалды. Бұдан бөлек, екі түрлі мекенжайға бірдей мекенжай коды рәсімделген 18 адамға қатысты құжаттарды қайта рәсімдеу жұмыстары жүргізілуде.