$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Қазақстанның су дипломаттары Еуропа мен Қытайда білім алып жатыр

02.03.2026ж. 10:41
Қазақстанның су дипломаттары Еуропа мен Қытайда білім алып жатыр
Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Су ресурстары және ирригация министрлігі шетелдік серіктестермен бірлесіп су дипломатиясы саласындағы мамандарды даярлау жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Былтыр қараша айында қос дипломды магистратура бағдарламасы шеңберінде Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университетінің 13 магистранты Корвинус университеті базасында білім алды.

2025 жылдың желтоқсанында қазақстандық су саласының мамандар тобы Бейжің қаласындағы Қытай халық университетінде дипломатиялық құзыреттерді дамытуға арналған курстардан өтті.

Сонымен қатар Делфт су білім беру институтымен (IHE Delft) бірлесіп жүзеге асырылып жатқан Young Water Diplomats (Жас су дипломаттары) бағдарламасы аясында қазақстандық мамандар Нидерландта білім алып жатыр.

«Соңғы уақытта су дипломатиясының маңызы артып келеді. Осы бағыттағы кадрлық әлеуетті күшейту үшін жаңа білім беру бағдарламалары мен бастамалар әзірленіп, енгізіліп жатыр. Бүгінде мамандар Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде, Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті мен Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университетінде даярланады. Қазақстан-Неміс университеті «Су ресурстарын интеграцияланған басқару» бағдарламасын іске асыруда. Ал Д. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде су дипломатиясына қатысты пәндер оқытылады»,- деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.