$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Ресейден әкелінген қызанақтан вирус анықталды

02.03.2026ж. 11:14
Ресейден әкелінген қызанақтан вирус анықталды
фото: pixabay

Қарағанды облыстық аумақтық инспекциясының өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспекторы карантиндік фитосанитариялық бақылау және қадағалау жүргізу барысында Ресейден әкелінген қызанақ тұқымдарының 130 қаптамасынан сынама алды, деп хабарлайды АШМ баспасөз қызметі.

- «Фитосанитария» РМК жүргізген карантиндік фитосанитариялық сараптама қорытындысы бойынша зерттелген үлгілерден карантиндік нысандар қатарына жататын қызанақ жемістерінің қоңыр қатпарлы вирусы (Tomato brown rugose fruit virus, ToBRFV) анықталды. Әкімшілік іс материалдары Қазақстанның қолданыстағы заңнамасына сәйкес процестік шешім қабылдау үшін сотқа жолданды, -делінген министрлік таратқан хабарламада.

Ауыл шаруашылығы министрлігі сыртқы саудаға қатысушыларға ел аумағына карантинге жатқызылған өнімді әкелу кезінде өсімдіктер карантині саласындағы заңнама талаптары мен фитосанитариялық нормаларды қатаң сақтау қажеттігін еске салады.

Ведомство атап өткендей, бақылаудың белгіленген рәсімдері мен қауіпсіздік талаптарын сақтау — аграрлық секторды қорғаудың және фитосанитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызды шарты.