Иран мен Израиль арасындағы текетірес жаһандық экономикаға тікелей әсер етті. Ең алдымен, мұнай бағасы күрт өсті. Шабуылдардан кейін Brent маркалы мұнайдың баррелі 82 доллардан асып түсті. Бұл өз кезегінде жанармай құнын қымбаттатып, инфляцияны үдетеді. Тағы бір маңызды мәселе – сауда жолдарының қауіпсіздігі. Таяу Шығыс арқылы өтетін теңіз бағыттары әлемдік жүк тасымалы үшін стратегиялық маңызға ие. Егер әскери әрекеттер бұл бағыттарға әсер етсе, логистика қымбаттап, жеткізу мерзімі ұзаруы ықтимал. Сонымен қатар, геосаяси шиеленіс артқан сайын қаржы нарығы да құбылды. Инвесторлар тәуекел етуді талап ететін активтерден бас тартып, алтын мен доллар сияқты қауіпсіз құралдарға бет бұрды. Бұлай жалғаса берсе, қор нарықтары төмендеп, дамушы елдердің валютасына қысым күшеюі мүмкін. Алайда сарапшылар алтын бағасының ұлғаюы Қазақстанға тиімді болуы мүмкін дейді.
МАРАТ ӘБДІРАХМАНОВ, ЭКОНОМИСТ:
Бірлескен Араб Әмірліктерінен инвесторлар жаппай қашады енді. Өйткені онда қауіпсіздік мәселелері көп пайда болды. Ал БАӘ алтын сату бойынша орталық боп саналады. Сонда бұл инвесторлар қайда барады? Егер біздің басшылар дұрыс шешім қабылдаса, гарантиямен құқық қорғалса, онда олар бізге келеді ғой.