Әлеуметтік желіде Ақмола облысының тұрғындарын үрейлендірген жалған ақпарат тарады. Белгісіз тұлғалар «Сирия мен Ауғанстаннан келген мигранттар балаларды ұрлап әкетеді» деген мазмұндағы хабарламаны полиция атынан таратуда. Мәтінде лифтіге бөтен адаммен кірмеу және есікті құлыптау туралы ескертулер жазылған. Ал өңірдің полиция департаменті бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтынын ресми түрде мәлімдеді. Тәртіп сақшылары мұндай ескерту жарияламағанын айтып, азаматтарды тек ресми дереккөздерге сенуге шақырады. Полиция жалған ақпарат таратқан адамдарды іздеп жатыр. Фейк үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.