Астаналықтарға ескерту! Тұрақты тіркеуі жоқтарға жаппай айыппұл салынып жатыр. Полицейлер үй-үйді аралап заңсыз мекендейтіндерді ұстауға көшкен. Төлейтін теңге де аз емес. Бұған наразы тұрғындар енді не істерлерін білмей, әлеуметтік желіде көмек сұрап жүр. Баса-көктеп кіріп, бас салатын құзырлылардың әрекеті қаншалықты заңды? Әріптесім Аружан Задабек тақырыпты тарқатады.
АРУЖАН ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:
Астана – бас қала. Бұрын күнделіктің сыртында тұрған шаһарда қазір өзіміз өмір сүреміз. Сырттан келгендердің бәрі бұл қалада "өсеміз-өнеміз" деп мақсат құрды. Бірақ қиял қуғанның бәрін бір аймаққа қалай сыйдырамыз? Созылатын сағыз емес, реттейін десең резеңке бола алмайды. Сонда да созып-созып 1 млн 600 мыңнан аса адамды тығыздалып алдық. Бұл – ресми мәлімет. Тіркеусіз жүргеннің бәрін қоссаң бұдан әлдеқайда көп болуы мүмкін.
«Көңіл сыйса бәрі сияды» деген сөз бұл тақырыпқа келгенде «өтпейді». Қаланы қайтсек ретке келтіреміз деп мың ойланған жауаптылар жылда бір тәсіл ойлап табады. Сонын бірі – тіркеуі жоқтарға айыппұл салу. Тұрғындардың ашуына тиіп жатқаны да осы. Олар полицейлердің «әй-шайсыз», ескертусіз келіп, баса-көктеп тексеретініне наразы.
jansaya_official:
Астаналықтар кім квартирада тұрады? Тек біз ғана ма штраф алып жатқан? Осыдан 2-3 кун бұрын учаскелік полицей ауызашар уақытта есікті қағып, тексеріс жасады. Осы үйде тұрасындар ма әлде пәтер жалдайсыздар ма деп. Жалпы өзім осы Астанада тіркеудемін, бірақ қазіргі тұрып жатқан үйімізде емес. Мен көрші уйде ауызашарға көмектесіп жүргенімде жолдасыма 30 мың теңге айыппұл салып кетіпті. Енді сұрақ, әркімнің уйіне келіп, аяқ асты бастанаяқ тексеріп айыппұл салғандары дұрыс па?
Тұрғынның «бұл қаншалықты заңды?» деген сауалын заңгерлерге қойдық. Маман ешкімнің өзгенің шаңырағына шақыртусыз барып, шу шығаруына құқығы жоқ дейді.
ЖАНДОС ТҰЯҚОВ, ЗАҢГЕР:
Учаскелік инспектор үйдің есігін қағады, «сіздер кімсіздер, не үшін тұрып жатсыздар» деп ішіне кіріп жатады. Бұл заңсыз іс-әрекет. Бірақ бұл жерде учаскелік инспектордың іс-әрекеті неге заңды болып кетеді? Өйткені заңда мынандай мәселе бар. Егер учаскелік полицей келіп ашса, сіз өз рұқсатыңызбен үйге кіргізсеңіз, онда учаскелік инспектордың іс-әрекеті заңды болады.
Даудың басы мынадан шыққан. Бізде пәтеріне тым көп адамды тіркеп, одан пайда көретіндер көбейді. Мысалы Астана тұрғыны баспанасында 800 азамат тұрады деп көрсеткен. Әрқайсысы айына 10 мың теңге қыстыратынын ескерсек, жұмыс істемей аяқты айқастырып жатуға болады. Тәп-тәуір бизнес. Оның үйіне тек құжатпен тұрақталған адамның осылай істемеске амалы жоқ. Өйткені «пропискасы» жоқ қызметкерді ешқандай жұмыс орны алмайды. Мәселенің осылай әбден шиелініскені полицейлердің білек сыбана іске кірісуіне сеп болғанға ұқсайды. Қазір құзырлылар тіркеусіз жүрген тұрғындарды былай қойғанда, көші-қон заңнамасын бұзған шетелдіктерді де аяп жатқан жоқ.
ЗУХРА РЫСҚАЛИЕВА, ҚАЛАЛЫҚ ПД АҚПАРАТТЫҚ САЯСАТ БӨЛІМІНІҢ АҒА ИНСПЕКТОРЫ:
5 күн ішінде ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 517-бабы бойынша 442 шетел азаматы, 518-бап бойынша 78 қабылдаушы тұлға және 519-бап бойынша 35 жұмыс беруші жауапкершілікке тартылды.
Енді Астанада тұрақты тіркеуге тұру, тіптен, қиындайды. Бұрыңғыдай кез келген жерді мекендей алмайсыз. Уақытша орналасуға да рұқсат жоқ. Бұдан былай астаналықтар үйіне тек туыстарын ғана тіркей алады. Оның өзінде жақыны екенін ресми растау керек. Мұның барлығы Егов арқылы жүзеге асады. Әзірге, бұл – пилоттық жоба.