Қызылорда облысында жалпы көлемі 9,8 млн гектар 41 аңшылық алқабы бар. Оның 27-сі табиғат пайдаланушыларға бекітіліп берілген, 14-і резервте тұр.
Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы хабарлағандай, Сыр өңірін сүтқоректілердің 40-тан астам, құстардың 300 түрі мекендейді. Оның 30 шақтысы Қазақстанның Қызыл кітабына енген.
Экология және табиғи ресурстар министрлігі 2025 жыл мен 2026 жылдың 15 ақпаны аралығында Қызылорда облысына 109 128 жануарлар дүниесі объектісін алып қою лимитін бекітті. Оның ішінде қабан, түлкі, қоян, борсық, қаз, үйрек, қасқалдақ, қырғауыл сияқты аң-құстар бар.
— Браконьерлікпен күрес шаралары басты назарда. Орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекемелер, облыстық жануар дүниесін мемлекеттік қорғау жөніндегі мамандандырылған мекеме 300-ден астам рейдтік іс-шара ұйымдастырды. Рейд нәтижесінде 162, оның ішінде жануарлар дүниесін пайдалану және аң аулау қағидаларын бұзудың 29 дерегін анықтады. Балық аулау, балық ресурстары мен басқа да су жануарларын қорғау қағидаларын бұзу бойынша 99 құқықбұзушылық тіркелді. Заң талабын бұзғандардан 2,3 млн теңге айыппұл толығымен өндірілді, — делінген басқарманың мәліметінде.