$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Эвакуациялық рейспен 306 қазақстандық Дубайдан ұшып келді

Эвакуациялық рейспен 306 қазақстандық Дубайдан ұшып келді

Таяу Шығыстағы ахуал  күрделене түсуде. 10 мемлекет әуе кеңістігін жауып тастады. Қақтығыс аумағында қазір 5 мыңға жуық отандасымыз бар. Сыртқы істер министрлігі жанынан құрылған жедел штаб қазақстандықтарды елге қайтарудың жан-жақты амалын қарастырып жатыр. Азаматтардың алғашқы легі бүгін елге оралды. 

Алғашқы эвакуациялық рейспен 306 қазақстандық  Дубайдан ұшып келді. Алдын-ала билет сатып алған  жолаушыларды FlyDubai әуе компаниясы жеткізді.  Қазақстан тарапынан Air Astana және SCAT әуе компанияларының алты ұшағы ел азаматтарын тасымалдауға сақадай-сай тұр. Бірақ әуе жолына шығуға оларға рұқсат жоқ. Ал тур мерзімі аяқталуға жақын қалған саяхатшы Темірлан Тоқбайдың отбасы ертең жоспарға сай ұшамыз деп үміттеніп отыр.

ТЕМІРЛАН ТОҚБАЙ, ТУРИСТ:

Туроператорлар бізге ешқандай отмена берген жоқ. Өз отелімізде тұрып жатырмыз. Бәрі жақсы. Аспанға қарап жүреміз. Кеше соңғы жарылыстардың дауысын таңертең естідік. Телеграмм канал ашып, резиденттер мен туристердің санын қосып, Қазақстанның қанша азаматы бар екенін шамамен көрсетілді. Ол жерде бары да бар, жоғы да бар. Біз ертеңгі күнімізді күтеміз. Бұйырса, айтулы уақытта алла амандығын берсе, елге ораламыз деген үміттеміз.

Ал соғыс өрті тұтанған  Ираннан эвакуция тек құрлықпен жүзеге асырылуда. Кеше елдің солтүстігіндегі Горган қаласынан 17 қазақстандық Түрікменстан арқылы шекарадан өткен. Армения мен Әзербайжан да қиын сәтте қолқабыс етіп, тасымалдауға септесеміз деп отыр. 

НҰРЛАН САУРАНБАЕВ, ҚР КӨЛІК МИНИСТРІ:

Қазіргі уақытта рейстер арнайы келісілген бағыттар бойынша ғана, бірлі-жарым орындалып жатыр. Екі негізгі бағыт бар: біріншісі — Сауд Арабиясы мен Мысыр арқылы, сондай-ақ Түркия арқылы. Екінші бағыт — Сауд Арабиясы арқылы Пәкістан бағытымен Қазақстанға жету.

Сыртқы істер министрлігі Дубайдағы азаматтарды автобуспен де алып шығып жатыр. Ондағы 467 азамат Оман аумағы арқылы Қазақстанға беттеген. Жоспар бойынша олар бүгін елге жетуі тиіс. Екінші бағыт Қатардан Сауд Арабиясы арқылы ұйымдастырылуда. Азаматтар автобуспен Эр-Риядқа, одан кейін Жидда қаласына жеткізіледі.

ӘЛІБЕК БАҚАЕВ, ҚР СІМ ОРЫНБАСАРЫ:

Біз адамдарымызды Жидда мен Маскат қаласына шоғырландырып жатырмыз. Ертең Жиддадан Қазақстанның 343 адамы жеткізіледі. Ал Маскаттан Алматыға 2 рейс ұшады.  Олар бортқа отырғаннан кейін ғана нақты саны белгілі болады. Бұл — ұшып келетін алғашқы топ.

Рейске отыру үшін жолаушының қолында 28 ақпан мен 1 наурыз аралығында қолданылмаған ұшақ билеті болуы тиіс. Министрлік, эвакуациялық тізімге ең алдымен әйелдер мен кәмелетке толмаған балалар, 60 жастан асқан азаматтар мен нақты бір ауруы бар тұлғалар енгізілетінін  мәлімдеді.