Елімізде қызылша бойынша эпидемиологиялық жағдай күрделі. Осыған байланысты ұйымдасқан ұжымдар мен әскери бөлімдерде екпе алмағандарды уақытша шеттету шаралары қабылданып, емдеуге жатқызу талаптары күшейтілді. Аурудың ең көп жағдайы Астана мен Алматы қалаларында тіркеліп отыр. Науқастардың басым бөлігі -14 жасқа дейінгі екпе алмаған балалар. Қазір 10 айға дейінгі сәбилерге қосымша иммундау енгізіліп, бұрын екпе алмаған 18 жасқа дейінгі балалар мен 30 жасқа дейінгі медицина мамандарын толықтырып вакцинациялау жұмыстары жүргізілуде.
АҚМАРАЛ ӘЛНАЗАРОВА, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ:
Бұл ең тез таралатын инфекциялардың бірі. Бір науқас жақын байланыста болған вакцина алмаған адамдардың 90 пайызына жұқтыруы мүмкін. Ең алдымен вакцина алмаған балалар қауіпке ұшырайды. Қабылданған шаралар өз нәтижесін көрсетуде, өсу қарқыны төмендей бастады. Алайда жағдаят тұрақталды деп айту әлі ерте.