$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Қызылордада 9 млрд теңгеге алынған автобустар қаңтарылып тұр

Қызылордада 9 млрд теңгеге алынған автобустар қаңтарылып тұр

Қызылордада 9 млрд теңгеге алынған автобустар  қаңтарылып тұр. Алғашқылары 2015 жылы әкелінгенімен, құжаттандыру мәселесі ұзаққа созылған, әрі қомақты қаржы жұмсалған.  2016 жылы ғана  қоғамдық көліктерге пайдалануға берілген. Ал несиесі бітпей жатып, техника істен шыққан көрінеді. Енді қар астында тұр.

МӨЛДІР ТОҚТАСЫНҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Кезінде млрдтар жұмсалған автобустардың бүгінде тоз-тозы шыққан. Жауын-шашынның астында 4 жылдан бері шанақтары шіріп, терезесі сынып жатыр. Ал банк алдындағы несиесін 2024 жылы ғана өтеп бітірдік дейді мамандар.

2013 жылы қалаға 92 автобус алу үшін Европа қайта құру және даму банкмен кредиттік шарт жасалған. Шырғалаңы көп процесс 3 жылға созылып, 2016 жылы көліктің алғашқылары айналымға қосылған. Небәрі 6 жылда бұл техникалар істен шығып, енді жүрмей тұр.

ӘБДІБӘКІР МАШТАЕВ, "ҚЫЗЫЛОРДА АВТОБУС ПАРКІ" ЖШС ДИРЕКТОРЫ:

Азып-тозып кетті. Завчастілері пайдалануға келмейді. Өзі тозығы жетіп тоқтаған ғой автобустар.  Қайта құру банкі арқылы алдық. Несиесін автобуспаркі өзінің қаражатынан төлеп отырды субсидия есебінен.

Бір автобустың бастапқы құны 35 млн теңге. Ал 10 жыл ішінде доллар бағамының өсіміне байланысты 92 көлік 9 млрд теңгеге бір-ақ өскен. Ал жоба «Байқоңыр» ӘКК арқылы жүзеге асқан. Енді олар біз еншілес мекемеге тек кредиттік шарт жасауға атсалыстық дейді.

МАДӘЛІ ӘЛІШЕРҰЛЫ, «БАЙҚОҢЫР ӘКК» АҚ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

2013-2017 жылдар аралығында «Қызылорда автобуспаркі» ЖШС «Байқоңыр» ӘКК»-ның еншілес мекемесі болған. Сол уақытта Қызылорда халқына қызмет көрсету мақсатында ЕҚҚД банкінің қолдауымен Қызылорда автобус паркіне 92 дана автобус сатып алынған. 2017 жылы «Қызылорда автобуспаркі» Қызылорда қаласы әкімдігіне өткізілді.

Депутат Мұрат Әбенов әлеуметтік желіде дабыл қақты. Құқық қорғау органдары істің мән-жайын анықтап, кінәлілер жазасын алсын дейді ол.

МҰРАТ ӘБЕНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, "АМАNАТ" ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Жоба бастан дұрыс зерделенбеген. Оны бірнеше жыл тұралап қалуынан-ақ аңғаруға болады. Қай жерде өндірілгені белгісіз автобустарды алып келу неге, кімге қажет болды? Бұл техникаға халықтың салықтан түскен қаражаты жұмсалды. Сондықтан генпрокуратура, антикор осы жобаны жіті тексеру керек.

Ашық аспан астында  тозып тұрған көліктер енді аукцион арқылы сатылымға шығарылмақ.