$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Жамбыл облысы жолдарында дрондар арқылы құқық бұзушылықтар анықталуда

04.03.2026ж. 09:33
Жамбыл облысы жолдарында дрондар арқылы құқық бұзушылықтар анықталуда
Polisia.kz

Жамбыл облысы жолдарында дрондар арқылы құқық бұзушылықтар анықталуда.

Жамбыл облысының полиция департаменті қоғамдық және жол қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған заманауи технологияларды енгізуді жалғастыруда. Басым бағыттардың бірі – облыс аумағындағы автожолдардағы жағдайды бақылау үшін ұшқышсыз ұшу аппараттарын пайдалану. Патрульдік полиция батальонының қызметкерлері ауыр жол-көлік оқиғалары жиі тіркелетін қала сыртындағы тас жолдарда дрондарды қолданысқа енгізуде. Әуеден жол қозғалысы қағидаларын бұзу деректері, соның ішінде қарсы жолаққа шығу, қауіпті маневрлер жасау және жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен денсаулығына нақты қауіп төндіретін өзге де әрекеттер тіркеледі. Мәселен, Toyota Alphard маркалы автокөлігінің жүргізушісі қала сыртындағы жолда әрекеті елеусіз қалады деп ойлап, басып озу кезінде қарсы бағыттағы жолаққа шыққан. Құқық бұзушылық ұшқышсыз ұшу аппараты арқылы тіркеліп, жүргізуші заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылды.

Соңғы бірнеше күн ішінде дрондарды пайдалану арқылы қарсы жолаққа шыққан 11 жүргізушіге жауапкершілік жүктелді. Заманауи технологияларды қолдану құқық бұзушылықтарды жедел анықтауға ғана емес, жолдағы ауыр зардаптардың алдын алуға да мүмкіндік береді. Жол қозғалысы қағидаларын қатаң сақтау және жолдағы өзара құрмет білдіру – әр адамның жеке қауіпсіздігі мен өзгелердің өмірін сақтаудың негізі.