Енді Алматы қаласының тұрғындарына медициналық-әлеуметтік сараптама (МӘС) бөліміне бару уақытын онлайн-брондау мүмкіндігі қолжетімді болады, деп хабарлайды Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.
«Мүгедектікті және/немесе еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесін белгілеу және/немесе қажетті әлеуметтік қорғау шараларын айқындау» мемлекеттік қызмет көрсету кезінде электрондық кезекті енгізу жөніндегі пилоттық жобаны ауқымдау жұмыстары басталды.
Еңбекмині, Денсаулық сақтау министрлігі, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі бірлескен бұйрығының тиісті жобасы «Ашық НҚА» порталында орналастырылған.
Бұған дейін пилоттық жоба Ақмола облысында сәтті басталған болатын. Оның оң нәтижелері мен азаматтарға ыңғайлылығын ескере отырып, тәжірибені елдің ең ірі мегаполистерінің біріне кеңейту туралы шешім қабылданды.
— Электрондық кезекті енгізу МӘС бөлімдеріндегі кезектерді жоюға, күту уақытын қысқартуға және қызмет көрсету процесінің ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған. Азаматтар ыңғайлы күн мен уақытты таңдап, сапарларын алдын ала жоспарлай алады, — делінген хабарламада.
Жазылу әлеуметтік қызметтер порталы арқылы жүзеге асырылады (aleumet.egov.kz). Процедура мүмкіндігінше жеңілдетілген:
Авторизация: пайдаланушы aleumet.egov.kz порталға кіреді және ЭЦҚ көмегімен (мобильді қосымшада СМС арқылы) авторландырудан өтеді.
Қызметті таңдау: Жеке кабинетте куәландыруға жазылу қызметін таңдайды.
Брондау: аумақтық орналасуы бойынша МӘС бөліміне автоматты түрде жіберіледі, бос күн мен уақытты таңдайды.
Растау: сәтті брондаудан кейін көрсетілетін қызметті алушының телефон нөміріне (мобильді азаматтар базасында тіркелген) SMS-хабарлама келіп түседі. Онда бөлімнің мекен-жайы, жазылған күні, уақыты, және талон нөмірі көрсетіледі.
Ескерту: жазудан үш күн бұрын жүйе («МОДБ» АЦС) қайта SMS-хабарлама (еске салу үшін) жібереді.
Сондай-ақ, қажет болған жағдайда Жеке кабинет арқылы брондауды жою мүмкіндігі қарастырылған.
Белгіленген уақытта келмеген жағдайда бронь автоматты түрде жойылады, бұл туралы хабарлама да келеді.
Пилотты ауқымдау туралы бұйрықтың жобасы «Ашық НҚА» порталында жария талқылау үшін 2026 жылғы 19 наурызға дейін қолжетімді.