$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Трамп: «Иранның әскери техникаларын түгел жойып жібердім»

Трамп: «Иранның әскери техникаларын түгел жойып жібердім»

"Біз шұғыл шабуыл жасауға мәжбүр болдық". Биньямин Нетаньяху осылай дейді. Израиль Премьер-министрінің айтуынша, олай етпеген жағдайда Иран ядролық қару қолданатын еді. Таяу Шығыстағы қақтығыстың қарқыны артуы мүмкін. Израиль жақын арада Ливанға құрлық әскерін кіргізеді. АҚШ екеуінің Иранға соққылары алдыңғы жылдамдықпен жалғасып жатыр. Трамп болса, Иранның болашағы үшін уайымдаймын, - дейді. Бірақ, әскери базаларды пайдалануға рұқсат бермегені үшін Ұлыбритания мен Испанияға қатты ренжіді.

Біз шұғыл соққы жасауға мәжбүр болдық. Болмаса Иран ядролық қаруға қол жеткізіп, бүкіл Таяу Шығысты жермен-жексен ететін еді. Израиль Премьер-министрі осылай дейді. Биньямин Нетаньяхудың айтуынша, Көктемдегі 12 күндік соғыстан ресми Тегеран мүлдем сабақ алмаған.

БИНЬЯМИН НЕТАНЬЯХУ, ИЗРАИЛЬ ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Біз көктемде олардың ядролық нысандары мен зымыран жасайтын зауыттарына соққы жасадық. Басқа қауіп төндірмедік. Жаман ниетіміз болмады. Олар біздің ойымызды түсінудің орнына Таяу Шығыс үшін аса қауіпті нысандарын жылдам қалпына келтіре бастады. Иран билігінің естері дұрыс емес. Бар көздегендері көршілерін жойып жіберу. Бір жыл болмай-ақ, бірнеше ай ішінде ядролық бомба дайын болатын еді.

Қазіргі АҚШ пен Израильдің операциясы сәтті жүріп жатыр. Трамп өзінің жеңісіне сенімді. АҚШ Президенті журналистерге сұхбатында соңғы кездегі басты сынға жауап берді. Көпшілік Нетаньяху Трампты осы соғысты бастауға мәжбүрледі, - деп ойлады. АҚШ Президенті болса, керісінше, мен Израильді мәжбүрледім, - деп мақтанды.

ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:

Біздің әскеріміз керемет. Себебі, өз жұмысын мүлтіксіз орындады. Иранның әуе күштерін мүлдем жойып жібердік. Теңіз флоты санаулы минут ішінде суға батты. Біз қашан соққы жасайтынымызды біле алмайды. Себебі, елде бірде-бір радар қалмаған. Иран енді не істейді екен. Менің өзіме қызық.

Трамп Ирандағы демократияның болашағы үшін уайымдайды. Келесі болып билікке кімнің келетіні АҚШ Президентінің алаңдаушылығын тудырып отыр. Трамптың айтуынша, Хаменеиден кейінгі үміткерлердің өзі де 2 күн ішінде қырылып қалды.

ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:

Мен үшін ең сұмдық сценарий – осы еңбектің барлығы зая кеткені. 5 жылдан кейін алдыңғы билік секілді тағы бір зұлым, сұмырай келсе, барлығын жоққа шығарады. Нақты мынау жақсы үміткер деп айтуға да аузым бармайды. Бір жақсысы Аятолланың зұлым жақтастарының көпшілігін өлтірдік. Енді кім қалды екен? Бұлай жалғаса берсе, біз танитын тірі ешкім қалмайды-ау.

Футболдан Әлем чемпионатына тура 100 күн қалды. Келер мундиаль қабылдаушы елдер, қатысатын командалар және ойын өтетін қалалардың саны бойынша да рекорд орнатпақ. 4 жылдықтың басты додасы АҚШ, Канада және Мексикада өтеді. Айтпақшы, бейресми мәлімет бойынша Трамп Иранның мундиальға қатысуына кедергі жасамайды, маған бәрібір, - деп жауап беріпті.