Әлеуметтік желіде ақылы “жазалау қызметін” ұсынатын хабарландыру тарады. Қызмет түрлері телефон арқылы қорқытудан бастап, соққыға жығуға дейін барады. Сондай-ақ хабарлама авторы мәселені басқа тәсілдермен шешуді ұсынып, қолдау көрсететінін мәлімдеген. Мұндай хабарландыруды кім таратты? Бұл қызметке тапсырыс берушінің өзіне қандай қауіп төнеді? Әріптесім Ғазиза Әмірбек жалғастырады.
«Сізге әділетсіздік жасалды ма? Біз сізді ренжіткендерді жазалаймыз» – деген хабарландыру Telegram мессенджері мен әлеуметтік желілерде тараған. Қызмет түрлері арасында – «ренжітушіні» соққыға жығу, оның көлігін немесе пәтерінің есігін өртеп жіберу, тіпті қала сыртына алып шығып, күш көрсету де бар. Бағасы – 50 мыңнан 500 мың теңгеге дейін. Тіпті, қосымша ақыға барлығын видеоға түсіріп беруге уәде етеді. Әр клиентке жеке тәсіл және құпиялылық қарастырылған. Ішкі істер министрлігі мұндай хабарландыруларды анықтап, бұғаттап, авторларын іздестіріп жатқанын хабарлады.
ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ:
Ішкі істер органдары интернет кеңістігіне мониторинг жүргізеді, құқыққа қарсы және қоғамдық қауіпті қызметтерді ұсынатын хабарландыруларды анықтап, оларды бұғаттауды бастайды. Жекелеген жағдайларда жиналған материалдар мен мәліметтер құқықтық баға беру үшін ішкі істер органдарының мүдделі бөлімшелеріне жолданады.
Заңгер Бауыржан Сералиннің айтуынша, мұндай хабарландыруларды кибералаяқтар таратуы мүмкін. Тіпті, бұл ақша табудың жаңа тәсілі болуы ықтимал дейді. Алайда қызметті шын мәнінде нақты адамдар ұсынған күннің өзінде, қылмыстық жауапкершілік орындаушыларға ғана емес, тапсырыс берушіге де жүктеледі.
БАУЫРЖАН СЕРАЛИН, ЗАҢГЕР:
Осыған тапсырыс берген, ақша төлеп отырған адам осы қылмысты ұйымдастырушы ретінде, тапсырыс беруші ретінде жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Сондықтан бұл жерде қылмыстың жанағы ауырлататын жағдайы бар. Өйткені бұл жерде ұйымдасқан түрде.
Ал желідегі хабарландыруға қатысты халықтың пікірі әртүрлі.
БЛИЦ:
- Мен алмайтын едім өшімді басқа адамнан болса, шыдап жүре беретін едім.
- Не істесе де адамдар өздеріне істейді да. Жақсы болсын жаман болсын.
- Егер де өзіңнің құқығыңды қорғағың келсе сен барлығына да дайын болу керексің.
Егер сізге қоқан-лоқы көрсетілсе, мамандар оны бірден полицияға хабарлап, заңды түрде шешуге кеңес береді.