$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Көшбасшы әйелдер жаңа Конституция құндылықтарын толық қолдады

Көшбасшы әйелдер жаңа Конституция құндылықтарын толық қолдады

Елордада «Әйел әлемі – ел тағдырына жауапкершілік» тақырыбында көшбасшы әйелдердің  кездесуі өтті. Форумға Қазақстанның барлық өңірінен келген мыңға жуық делегат қатысты. Олардың қатарында білім, ғылым, медицина, кәсіпкерлік, әлеуметтік сала және азаматтық сектор өкілдері бар.

Жиынды  Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов ашты. Ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың гендерлік саясатқа айрықша мән беретінін атап өтті. Спикердің айтуынша, әйелдердің қоғамдағы белсенділігі – ел тұрақтылығы мен қоғамдық келісімнің маңызды тірегі.

ЕРЛАН ҚОШАНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ, ЖАЛПЫҰЛТТЫҚ КОАЛИЦИЯ ЖЕТЕКШІСІ:

Президент терең интеллектуалды тұлға ретінде қазақстандықтарды білімді, кітап оқитын әрі ойлай білетін ұлт ретінде көргісі келетіні туралы арманын үнемі айтып келеді. Ол әр адам білімге ұмтылып, өзін-өзі дамытуы қажет екенін бірнеше рет атап өтті. Сонымен қатар өзі де өмір бойы білім алу қағидатын берік ұстанып, үнемі өзін жетілдіріп отырады және осыны өзгелерден де күтеді. Президенттің бұл өмірлік ұстанымдары жаңа Конституцияның идеологиясымен үндеседі. Ата Заңда еліміздің білімді әрі прогрессивті қоғамға қарай даму жолы айқындалған. Оның басты байлығы – адам капиталы мен жастардың жарқын ойы болмақ. Қарапайым тілмен айтқанда, бұл – біздің балаларымыз бен немерелеріміз жастайынан білімнің терең құндылығын түсініп, жоғары мәдениет аясында білімге ұмтылатын болады деген сөз. Бәлкім, бұл – Президенттің ең асыл арманы, енді ол бүкіл Конституцияның өзегіне айналмақ.

Жаңа Конституция жобасында адам, оның қадір-қасиеті мен қауіпсіздігі басты құндылық ретінде айқындалған. Отбасы институтын қорғау, әйелдер құқығын күшейту және дәстүрлі құндылықтарды сақтау нормалары нақты көрсетілген. Форум барысында экология, цифрлық кеңістіктегі жеке деректерді қорғау, бұқаралық ақпарат құралдарының қоғамдық диалогтағы рөлі, инклюзивті қоғам қалыптастыру және әйел денсаулығын сақтау мәселелері де талқыланды.

САУЛЕ РАХМЕТУЛЛИНА, Д.СЕРІКБАЕВ АТЫНДАҒЫ ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАН ТЕХНИКАЛЫҚ УНИВЕРСИТЕТІ» КЕАҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:

Қазір елде жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын орталықтар құрылып жатыр. Себебі қоғамның әр екінші тұрғыны – жас. Демек, басты акцент те жастардың өміріне, олардың дамуына бағытталуы заңды. Бүгінгі саясаттың өзегі – жас ұрпақтың сапалы өмірі мен болашағы.

Сондай-ақ «AMANAT» партиясы Әйелдер қанатының бастамалары сөз болды. Соңғы жылдары әйелдердің қатысуымен әлеуметтік жобалар жүзеге асып, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы заңнамалық өзгерістер қабылданды.

ЗАРИНА ҚАМАСОВА, «AMANAT» ПАРТИЯСЫ ШҚО ӘЙЕЛДЕР ҚАНАТЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

Ежелден біздің әжелеріміз төрде отырған – бұл құрметтің белгісі. Анаға, әйелге деген құрмет – отбасына деген құрмет. Ал отбасы – кез келген қоғамның негізі.

Форум делегаттары жаңа Конституция жобасы қоғам сұранысына сай әзірленгенін айтты. Құжатта адам капиталы, жастар білімі, отбасы құндылықтары мен қоғамдық келісім басым бағыт ретінде белгіленген. Іс-шара концерттік бағдарламаға ұласып, «100 өлең, 2000 эссе – әйелге деген шексіз ілтипат» атты шығармашылық композициямен қорытындыланды.