Қаржы мониторинг агенттігі тіс емдейтін емханалардағы тағы бір ілі алаяқтықтың бетін ашты. Бұл жолы агенттіктің Алматы облысындағы департаменті тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында «Damumed» жүйесіне жалған дерек тіркеп, ірі көлемде қаржы жымқырған бірнеше желісі бар жекеменшік тіс емханасын анықтады.
Дереккөзге сүйенсек, жеке стоматологиялық клиникаларының директоры Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры КЕАҚ-пен жалпы сомасы 450 млн теңгеден асатын медициналық қызметтерді сатып алу туралы шарттар жасасқан.
«Шарт талаптарына сәйкес клиникалар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі шеңберінде азаматтарға шұғыл және жоспарлы стоматологиялық көмек көрсетуге міндеттенген. Алайда күдікті медициналық ақпараттық «Damumed» жүйесіне ортодонтиялық қызметтер көрсетілгені туралы жалған мәліметтер енгізуді ұйымдастырған. Нақтысында аталған медициналық қызметтер пациенттерге ұсынылмаған», - деп хабарлайды ҚМА.
Заңсыз әрекеттеріне заңдылық сипат беру мақсатында күдікті дәрігерлердің есептік жазбаларын, сондай-ақ клиникаларға бұрын жүгінген кәмелетке толмаған пациенттердің жеке деректерін рұқсатсыз пайдаланған. Соның салдарынан, 4 597 адамға жалған қызмет ұсынылған. Залал сомасы - 66 млн теңге.
Сот күдіктінің банк шоттарындағы 23 млн теңгесіне, сондай-ақ құны 29 млн теңгеге стоматологиялық жабдықтарға арест қойды. Тергеу барысында күдікті 11 млн теңге көлемінде залалды өтеген. Оған қатысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды.