"Шетелде жоғары айлық төлейтін жұмысқа орналастырамыз. Жатын орын тегін. Жол шығындарын да өтейміз". Интернетте осындай ұтымды ұсыныстардан көз сүрінеді. Ішкі істер министрлігі мұндай батпан құйрықтың артында үлкен қауіп тұрғанын ескертіп, дабыл қақты. Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің мәліметінше, жұмыс ұсынатын алаяқтар тәжірибе мен тіл біліктілігін де талап етпейді. Құрыққа ілініп, құлдыққа түспес үшін азаматтар қырағы болғаны абзал. Мұндай хабарландырулар көбіне Telegram арналар мен WhatsApp топтарда жиі таралады.
ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ:
Сақтық үшін шетелге жұмысқа тек ресми тіркелген, лицензиясы бар агенттіктер арқылы барыңыз. Жұмыс беруші туралы мәліметті және келісімшарт талаптарын жан-жақты тексеру маңызды. Құжаттарыңыз бен жеке деректеріңізді бейтаныс адамдарға сеніп тапсырмаңыз. Сапар бағыты мен баратын жеріңіз туралы жақындарыңызға алдын ала хабар беріңіз. Егер күмәнді ұсыныс алсаңыз немесе алаяқтық белгілерін байқасаңыз, бірден құқық қорғау органдарына жүгінген дұрыс.