$541.34 €640.73 ₽6.53
×

АҚШ Иран кемесін суға батырып, 87 адам қаза тапты

АҚШ Иран кемесін суға батырып, 87 адам қаза тапты

АҚШ Иранның әскери кемесін батырып жіберді. Қазір кеме ішінде қайтыс болғандардың саны 87-ге жетті. Иран да тыныш отырған жоқ. Түркия жеріне, атап айтсақ, Инджирлик әскери базасын дрондармен атқылады. Бұл қақтығыста риза тек Трамп. 10 баллмен бағала десеңдер 15 деген баға қоямын, - дейді АҚШ Президенті.

АҚШ Иранның әскери кемесін атып, суға батырды. Ол кеме Шри-ланка жағасына жақын бірақ, халықаралық суда жүрген. Сондықтан, экипаж өзіне қауіп төнеді деп ойламаса керек. Алдын ала ақпарат бойынша әскери кемеде 140 адам болған. Алғашқыда олардың барлығы із-түссіз жоғалды делінгенімен, Шри-Ланка билігі 32 адамды құтқарып үлгергенін айтты. Ал, АҚШ Қорғаныс министрі мақтанышын жасыра алмай тұр.

ПИТ ХЕГСЕТ, АҚШ ҚОРҒАНЫС МИНИСТРІ:

1996 жылы құрастырылған кемені 2026 жылы көзін жойдық. Иран теңіз күштері енді жоқ. АҚШ субмаринасы Екінші Дүниежүзілік Соғыстан бері алғаш рет торпеда қолданды. Егер кімде-кім бізді ашуландырса, біз өлтірмейінше тыныш таппаймыз.

Иран да тыныш отырған жоқ. Түркия аумағындағы Инджирлик базасына дрондармен атқылады. Бұған дейін Иранды толық қолдап, АҚШ пен Израиль әрекетін қатаң сынаған Режеп Тайып Ердоған түбегейлі ойын өзгертті. Ешкім зардап шекпегенімен, Түркия енді Иранға қарымта қайтарамыз деп ресми мәлімдеді.

РЕЖЕП ТАЙЫП ЕРДОҒАН, ТҮРКИЯ ПРЕЗИДЕНТІ:

Түркия қашан да өз қауіпсіздігін толыққанды қамтамасыз ете алады. Бұл жолы да әуе қорғанысы күштері өз міндетін абыроймен орындады. Қазір біз НАТО-мен кеңес жүргізіп жатырмыз. Содан кейін нақты жауап беруге дайынмын. Бірақ, қазір бір айтарым. Бұл шабуылды жауапсыз қалдырмаймыз.

Бұл соғыстың қарқынына риза тек Трамп. Осымен үшінші күн бір сөзді қайталап келеді. АҚШ Президентінің айтуынша, Иран ядролық қаруға қол жеткізіп үлгергенде, Израильді бірден жойып жіберетін еді. Сондықтан, асығыс шешім қабылдады-мыс.

ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:

Бұл әскери операцияға 10 баллдан – 15 балл беремін. Біздің әскер тым күшті. Оның қуатын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Иран көптеген жыл бойы баршамызға үлкен қауіп төндіріп келді. 47 жыл бойы бейкүнә америкалықтарды өлтіріп келді. Бәрі бізді сынағыш әйтеуір. Бірақ, олардың барлығы жасырын мені қолдап отыр. Сіздерге өтірік, маған шын.

Аустралияда ешкім күтпеген жағдай болды. Футболдан Иран әйелдер құрамасы билік әрекетіне наразылығын білдірді. Ирандық бұрымды футболшылар Азия чемпионатының плей-офф кезеңінде ойын алдында әнұран айтудан бас тартқан. Тіпті, бұл әрекеттерін бас бапкерлері де қолдап, баспасөз-конференциясында растады.