$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Қызылорда іргесіндегі ауыл тұрғындары 25 жылдан бері батпақ кешіп жүргендеріне ашулы

Қызылорда іргесіндегі ауыл тұрғындары 25 жылдан бері батпақ кешіп жүргендеріне ашулы

Қызылорда қаласының іргесіндегі Қызылжарма ауылының тұрғындары 25 жылдан бері батпақ кешіп жүрміз деп ашулы. Айтуларынша, Қаратау көшесіне қоныстанғалы жол жөнделмеген.  Әсіресе, жауын-шашыннан кейін үлкендер тұрмақ, балалардың сабаққа қатынауы мұң дейді. Тілшіміз де тұрғындармен бірге батпақ кешіп, мәселені көріп келді.

Қаратау көшесіне тұрғындардың алғашқысы 25 жыл бұрын қоныстанған. 2015 жылы мұнда тас төселген екен. Алайда, артынша су тарту мақсатында мамандар қазып, ойылып қалған. Содан бері шаңы аспанға шығып жатқан көшемен жауыннан кейін жүру мүмкін емес дейді тұрғындар.

ЖАҢЫЛ МАХАМБЕТОВА, ТҰРҒЫН:

Батпаққа батқан жағдайымыз бар. Балаларымыз әсіресе, мектепке барғанда жалаңаяқ батпақтан жүре алмайды. Көшемізге асфальт салып берсе дейміз. Әкімге бірнеше рет бардық жауап жоқ. Халықпен кездеспейді. Өзіміз барамыз, 2-3 рет бардық жиналып үлкендеріміз.

Тұрғындарды жолдың жайынан өзге балалардың қауіпсіздігі де алаңдатады. Себебі күн жылыса көшенің бойындағы канал суға толады. Ал айналасы қоқыстан көз ашпайды дейді тұрғындар. Сондықтан тоң жібігеннен кейін сасық иіс қолқаны қабатынын айтады.

АЛМАС САЙҒАШОВ, ТҰРҒЫН:

Осы жерде 9 көше бар, паралель бәрі бізге. Соның 8-і асфальтанған. Біздің көше ғана қалып қойып тұр. Сосын ана жерде шлюздің 2 жағында балаларға защита дейді ғой, сондай істеу керек. Былтыр ана жерде бір бала суға кетті. Мектеп жақтағы шлюзде, артында оған істеді. Міндетті түрде бірнәрсе болу керек сол кезде істеді.

МАРАТ КЕНЖЕҒҰЛОВ, ТҰРҒЫН:

Көмілуге айналды канал. Осы жерді ретке келтіріп берсе әкімдер. Топырақ төгіп, бетін жауып. Мынау жабылмай, көшедегі нелер ерінеді да, осы жерге әкеп тастай береді машинамен. Бұның қайсысы бірін аңдимыз да жүреміз. Ойбай, жаман мынау бар ғой жазда сасығанда. Жұрт боқтығын әкеп тастап жатыр ғой, сосын ғой. Осыны жауып берсеңіздер.

Қаратау көшесінің мәселесіне қанықпыз дейді Қызылжарма ауылдық округінің әкімдігі. Наурыз айынан қалмай жұмысқа кірісеміз деп уәде етті.

НҰРСҰЛТАН АЛМАС, ҚЫЗЫЛЖАРМА АУЫЛДЫҚ ОКРУГІ ӘКІМІ АППАРАТЫНЫҢ БАС МАМАНЫ:

Биылғы 2026 жылға Қызылжарма ауылдық округіндегі 12 көшеге қайта жаңғырту жұмыстарына 1 млрд 474 млн теңге қаралып қойған облыстық бюджеттен қаралған. Осы аталған тізімде Қаратау көшесі енгізілген. Қазір ауа райының қолайсыздығына байланысты жұмыс әлі басталмай жатыр. Мердігер мекеме анықталған.

Қызылжарма каналын қоқыстан тазалап, латоктар салып, айналасын абаттандыру жұмыстары да биыл жоспарға енгізіліпті. Ауыл әкімдігінің мәліметінше, оған облыстық бюджеттен 4 млрд теңгеден аса қаржы қаралған.