$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Алматыдағы «Алғабас-6» ықшам ауданында тағы да дау

AstanaTV
04.08.2017ж. 20:00
2987
Алматыдағы «Алғабас-6» ықшам ауданында тағы да дау

Алматыдағы «Алғабас-6» ықшам ауданында жаңа баспанаға қоныстанған тұрғындар тағы да дау көтерді. Қисайып қалған үйдің орнына салынған көпқабатты үйге жұрт сәуірде қоныстанған. Бірақ содан бері қаланың балансына алынбапты. Тұрғын коммуналдық төлемдер үшін қарызға батқан. Пәтер иелерінің меншік құқығын беретін құжаттары да жоқ. Мәселе қашан шешіледі? Ришат Асқарбекұлы білді.

«Алғабас-6» ықшам ауданында жаңа баспанаға қоныстанған жұрттың әлі де көңілі жайланбаған. Сәуір айында жаңа пәтерлерге кірген тұрғындар енді баспанаға меншік құқығын беретін құжаттарды ала алмай отыр. Мемлекеттік бағдарламамен жалға алынған пәтерлердің иелерімен тиісті мекемелер келісімшарт жасасуы керек еді, дейді тұрғындар.

Зина Нағыметова, қала тұрғыны:

Мұнда пропискаға барып, отырайын десем, үйдің техпаспортын сұрайды. Құжат керек болып тұр үйдің. Өткенде бір қағаздар келеді, онда 136 үй деп келеді. Біз қашаннан бері 183-те тұрып жатырмыз ғой, балам.

Вера Пелецкая, қала тұрғыны:

Біз 3 айдан бері тұрамыз, әлі келісімшартқа отырған жоқ, сондықтан біз коммуналдық төлемдерді жоғары бағамен төлеп жатырмыз. Өткенде мемлекеттік акт 2 айдан соң болады, ал біздің жеке құжаттарымыз жарты жылда дайын болады деген. Ал бүгін келген шенеуніктер 2 аптада дайындап береміз деп отыр. Кімге сенеміз енді?

Қисайып кеткен номері 136 үйден жаңа салынған мына 183 үйге барлығы 72 отбасы толық қоныс аударып үлгерген. Бірақ қала әкімдігі көпқабаты үйді әлі өз балансына алмапты. Шенеуніктер оны құрылысты жүргізген «Астанақұрылыс» компаниясына жауып отыр. Қала әкімінің орынбасары мердігерге кемшіліктерді жөндеуге бір апта уақыт беретінін айтты.

Сұрақтар 99 пайыз шешілген. Олай емес, бәріне әкімдік кінәлі, дейді бізге құрылыс компаниясы. Бұл қалай сонда?

Сұлтанбек Мәкежанов, Алматы қаласы әкімнің орынбасары:

Құрылыс компаниясы тарапынан бірнеше кедергілер болды. Олар кейбір сапасыз жұмыстарды атқарған, көріктендіру жұмыстарын толық аяқтамаған, кей жерлерде жарық жанбай тұр. Сол себепті құжаттар рәсімдеу процесі созылып кетті. Біз енді алдағы аптада осы кемшіліктерді орындаса, құжаттарды тұрғындарға рәсімдей бастаймыз.

«Ауада қалықтап тұрған баспананың» тұрғындары соңғы төрт айда коммуналдық шығындарды да кімге төлерін білмейді. Коммуналдық компаниялар тұрғындардың суы, жарығы мен жылуы үшін төлемдерді заңды тұлға ретінде «Астанақұрылыс» компаниясына жіберген. Өз кезегінде мердіген компания оны тұрғындардан жоғарғы бағамен жинап келген.

Бекболат Амантұрлин, "Астанақұрылыс" компаниясының директоры:

Біз жаңа ғана төмендегідей шешім қабылдадық. Тұрғындарға енді коммуналдық төлемдер қалада бектіліген тариф бойынша келе бастайды. Ал осыған дейін халыққа заңды тұлғалар ретінде жіберілген түбіртек пен төлемдердегі соманың айырмашлығын біз өзіміз өтеп береміз.

Ришат Асқарбекұлы, тілші:

Айта кетейік, «Алғабас-6» ықшам ауданында көпқабатты тұрғын үй былтыр жазда бір жағына қисайып қалған болатын. Құрылыс компаниясы араға 10 ай салып, тұрғындарға тура сондай жаңа үй салып берген еді.

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ