$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Көлік инфрақұрылымын дамыту: Олжас Бектенов Көкшетау теміржол вокзалын жаңғырту барысын тексерді

05.03.2026ж. 18:46
Көлік инфрақұрылымын дамыту: Олжас Бектенов Көкшетау теміржол вокзалын жаңғырту барысын тексерді
фото: Үкімет

Премьер-министр Олжас Бектенов Ақмола облысына жұмыс сапары аясында Көкшетау қаласының теміржол вокзалын реконструкциялау жұмыстарымен танысып, Президенттің Жолдауда және Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген көлік инфрақұрылымын жаңғырту жөніндегі тапсырмаларының жүзеге асырылу барысын тексерді.

Олжас Бектенов Мемлекет басшысы еліміздің көлік жүйесін дамыту мәселелеріне ерекше көңіл бөліп отырғанын атап өтті. Қазақстанда заманауи технологияларға, азаматтар үшін қауіпсіздік пен ыңғайлылыққа баса назар аудара отырып, теміржол вокзалдарын жүйелі жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Вокзал кешендерін өткізу қабілетін кеңейту және жолаушыларға қызмет көрсету сапасын арттыру бойынша ауқымды жаңарту шаралары қабылдануда.

«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ құрылыс жөніндегі басқарушы директоры Марат Есқалиев Премьер-министрге Көкшетау қаласының теміржол вокзалын жаңғырту барысы туралы баяндады. Ғимарат 1981 жылы салынған, соңғы күрделі жөндеу жұмыстары 20 жыл бұрын жүргізілген. Құрылыс-монтаждау жұмыстарының көлемі 93%-ға орындалып, ішкі әрлеу, жабдықты монтаждау және жабдықтарды орнату жүргізілуде. Негізгі міндет – ғимараттың тарихи келбетін сақтай отырып, заманауи материалдарды пайдалану, инженерлік желілерді ауыстыру және техникалық құрылғыларды жаңарту. Инклюзивті ортаны қалыптастыру үшін арнайы жабдықтар орнатуға ерекше назар аударылады.

Жалпы, Ақмола облысы бойынша 16 нысан жаңғыртылды, бұл – республикадағы ең жоғары көрсеткіш. Оның жетеуіне реконструкция жүргізіліп жатыр, олардың дайындығы бүгінде 90%-ға жеткен. Тағы тоғыз вокзал толық бұзылып, орнына жаңа ғимараттар салу жоспарланған. Көкшетаумен қатар Атбасар, Макинка, Бурабай, Ақкөл, Ерейментау, Есіл, Жақсы, Жалтыр, Державинск, Шортанды және тағы басқа да елді мекен стансаларында жұмыстар жүргізілуде.

Қазақстан бойынша вокзал кешендері мен теміржол инфрақұрылымын жаңғырту бойынша жұмыстардың жоғары қарқыны Ақмола, Алматы, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Жамбыл, Жетісу және Ұлытау облыстарында тіркелген. Бұдан бөлек, реконструкциялау Астана-1 және Алматы-1 вокзалдары сияқты ірі тораптарда да жүргізілуде. Жыл соңына дейін еліміз бойынша жалпы 124 теміржол вокзалы жаңғыртылады.

Премьер-министр Көлік министрлігіне әкімдік және ҚТЖ-мен бірлесіп, елді мекендердің тұрғындары мен қонақтары қажеттіліктерін ескере отырып, құрылыс жұмыстарының мерзімдері мен сапасына қатаң бақылауды қамтамасыз етуді тапсырды.