$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Алматыда футбол матчтарының қауіпсіздігін қамтамасыз етудің жаңа үлгісі айқындалды

Алматыда футбол матчтарының қауіпсіздігін қамтамасыз етудің жаңа үлгісі айқындалды
polisia.kz

Алматы қаласы полиция департаментінде футбол матчтарын өткізу кезінде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелеріне арналған үйлестіру кеңесі өтті. Жиынға қала әкімдігінің спорт басқармасы, Алматы футбол федерациясы, "Қайрат" футбол клубы, стадион дирекциясы және қалалық қызмет өкілдері қатысты. Кездесу барысында қатысушылар матчтарды ұйымдастырудың барлық кезеңдеріндегі қауіпсіздік тетіктерін жан-жақты талқылады.

Атап айтқанда, кіру-шығу бақылауын ұйымдастыру, көрермендер легін тиімді басқару, стюардтар мен еріктілердің өзара іс-қимылы, сондай-ақ дайындық сәтінен бастап ойын аяқталғанға дейінгі қызметтердің нақты әрекет алгоритмдері пысықталды. Сондай-ақ жанкүйерлермен жүйелі жұмыс жүргізу, стадион аумағында және оның сыртында құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселелеріне ерекше назар аударылды. Алматы қаласы полиция департаментінің бастығы Айдын Кабдулдинов спорттық іс-шаралардың қауіпсіздігі кешенді әрі үйлесімді тәсілді талап ететінін атап өтті.

– Алматыдағы футбол матчтары дәстүрлі түрде мыңдаған көрерменді жинап, қоғам тарапынан зор қызығушылық тудырады. Қауіпсіздік – бұл тек төтенше жағдайлардың болмауы ғана емес. Бұл – стадионға кіруді сауатты ұйымдастыру, көрермендер ағынын басқару, жанкүйерлер мәдениеті және барлық қызметтердің нақты үйлесімі, – деді Айдын Кабдұлдинов.

Полиция өкілдері бұқаралық спорттық іс-шараларды өткізу кезінде басты қағидат – "Заң және тәртіп" екенін еске салды. Негізгі міндет – қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу. Департамент бастығының айтуынша, матч қауіпсіздігі полиция жасақтары қызметке кіріскен сәттен емес, әлдеқайда ертерек – жоспарлау және дайындық кезеңінен басталады.

– Егер ұйымдастырушылар сапалы өткізу режимін қамтамасыз етіп, жеткілікті мөлшерде стюардтар тартса, түсінікті навигация жүйесін жолға қойып, жанкүйерлер клубтарымен өзара іс-қимылды үйлестірсе, барша көрермен үшін қауіпсіз әрі басқарылатын орта қалыптасады, – деді ол.

Сонымен қатар полиция қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету және заңнама талаптарының бұзылуына жедел әрекет ету жұмыстарын жалғастырады. Кеңеске қатысушылар жанкүйерлер мәдениетін қалыптастыру және стадионда қолайлы атмосфера құру негізгі міндеттердің бірі екенін атап өтті. Полиция стадион ішінде немесе сыртында қоғамдық тәртіпті бұзуға, пиротехникалық заттарды пайдалануға, көрермендердің қауіпсіздігіне қатер төндіруге бағытталған кез келген әрекет қолданыстағы заңнамаға сәйкес қатаң түрде жолы кесілетінін ескертті. Кеңес қорытындысы бойынша матч ұйымдастырушылары стадион қызметтері және құқық қорғау органдары арасындағы үйлестіруді күшейтуге, сондай-ақ келісілген қауіпсіздік шараларын тәжірибеде толық іске асыруға уағдаласты.