Қасым-Жомарт Тоқаев:
«Төл тарихымызда ер азаматтармен бірге ерлік пен елдіктің туын биік ұстаған арулар көп болған.
«Қыздың қырық жаны бар» деп халқымыз бекер айтпаған. Рухы мықты қайсар қыздарымыз ұлт жылнамасында өшпес із қалдырған. Тұмар ханым, Айша бибі, Домалақ ана, Сүйінбике, Айғаным ханша мен Зере ананың есімдері ел жадында мәңгі қалады.
Бүгінде Сіздер аса құрметті аналарымыз және апаларымыз салған дара жолды лайықты жалғастырып келесіздер. Қыздарымыз ел игілігі жолында табысты еңбек етіп, Қазақстанның дамуына орасан зор үлес қосуда.
Қиындығы мен сын-қатері қатар жүретін аса жауапты қызметтерде жұмыс істейтін нәзік жандылар аз емес. Олар Отан алдындағы парызына адал болып, елімізде Заң мен тәртіптің орнығуына атсалысып жатыр. Әділ сот төрелігін жүзеге асырып жүрген судьялардың жартысынан көбі – әйелдер. Сондай-ақ Төтенше жағдайлар, Прокуратура, Ішкі істер, Қорғаныс және арнаулы қызмет саласында 45 мыңнан астам әйел еңбек етуде.
Жақында Дубайда күштік құрылымдар мен арнайы жасақтардың SWAT Challenge жарысы өтті. Аса беделді халықаралық сайыста еліміздің «Томирис» құрамасы ешкімге дес бермей, қыздар арасында үздік атанды. Олар байрақты бәсекеде шыдамдылық пен шеберліктің озық үлгісін көрсетті. Бұл Әлия Молдағұлова және Мәншүк Мәметованың даңқты жолын үзбей келе жатқан нағыз батыр қыздарға тән қасиет екені сөзсіз».
«Сонымен қатар бүгін мен ғылымда, өнерде, спортта, денсаулық сақтау саласында, мемлекеттік қызметте, бизнесте және ел өмірінің басқа да маңызды салаларында табанды еңбек етіп жүрген әйелдердің көп екенін атап өткім келеді.
Марфуға Әжіғалиева жарты ғасырдан аса уақыт медицина саласында еңбек етіп жүр, 40 жыл бойы учаскелік терапевт болды, дәрігерлер әулетінің бастауында тұр. Бүгін ол еліміздің жоғары наградасы – «Отан» орденімен марапатталады.
Жетісу облысындағы шаруа қожалығының жетекшісі Шакира Ыдырысова ауыл шаруашылығы саласында 50 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Жоғары өндірістік нәтижелерге қол жеткізіп, аудан мен облыс көлемінде абыройға ие болды. Мен оны бірінші дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен марапаттау жөнінде шешім қабылдадым.
Шахматтан әлемнің үш дүркін чемпионы Бибісара Асаубаева ел мерейін өсіріп, қазақты нағыз зияткер ұлт ретінде жер жүзіне танытып жүр. Әйгілі шахматшы ІІ дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталады.
Өкінішке қарай, ол Таяу Шығыста болып жатқан жағдайға байланысты бүгін шетелден Астанаға келе алмады».