Қасым-Жомарт Тоқаев:
«Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы Парламент Сенаты төрағасының орынбасары, қаржы саласының тәжірибелі маманы Ольга Перепечинаға, Мәжіліс депутаттары Снежанна Имашева мен Екатерина Смышляеваға беріледі. Олар заң шығару қызметіндегі жемісті еңбектерімен осы құрметке жетіп отыр.
Бұл жоғары атаққа көрнекті ғалым, мұнай-газ саласындағы өнертапқыш Мәнсия Бабашева да ие болды.
Алматы қаласындағы №95 мектеп-лицейінің химия пәні мұғалімі Татьяна Белоусоваға «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағы берілді. Оның педагог ретіндегі еңбегі жуырда халықаралық деңгейде кеңінен мойындалды.
Осы атаққа азаматтық ұстанымымен белгілі, әсіресе, білім беру саласындағы мәселелерді жиі көтеріп жүрген Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова да лайық.
Өткен аптада ғана Кристина Шумекова конькимен жүгіруден жастар арасындағы бес дүркін әлем чемпионы атанып, Қазақстанның абыройын асқақтатты. Бүгін оған «Парасат» ордені табысталады.
«Парасат» орденімен белгілі жазушы, аудармашы, тіліміздің нағыз жанашыры Камал Әлпейісова марапатталады.
Арамызда отырған Мария Зейнелованың ерен еңбегін де атап өту қажет. Ардагер маман Наурызым қорығында 43 жыл жұмыс істеп, табиғатты қорғау ісіне зор үлес қосты.
Ал Айсұлу Шуақбаева 40 жылдан астам мұнай өндіру саласында қажырлы еңбек етіп, ел игілігін арттыруға атсалысып келеді. Өз міндетін мінсіз атқарып жүрген мамандар «Құрмет» орденімен марапатталады».
«Осы залда қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімдері де бар. Олар білімді, ойы ұшқыр, шығармашыл және отаншыл ұрпақ тәрбиелеуге мол үлес қосып жүр. Осыған орай, тәжірибелі педагог Жанна Левковичке «Құрмет» ордені, ал жас мұғалім Мария Суринаға «Шапағат» медалі табысталады.
Тікұшақ пилоты Ақерке Шопатаеваның еңбегі аса маңызды десек қате болмайды. Ол талай мәрте орман өртін сөндіруге және басқа да құтқару жұмыстарына қатысып, кәсіби тұрғыдан білікті маман ретінде қажырлы қызмет етуде. Бүгін оған «Ерен еңбегі үшін» медалі беріледі.
Бұдан бөлек, Жапониядан келген белгілі өнерпаз Сузуки Канон да осы салтанатты іс-шараға арнайы шақырылды. Сузуки ханым Қазақстанда балет өнерін дамытуға белсене атсалысуда. Сондықтан оны «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапаттаймын.
Біз Отанымыздың көркейіп, гүлденуіне зор еңбек сіңіріп жүрген осындай аруларды мақтан тұтамыз, оларды жас буынға үлгі етеміз.
«Отан отбасынан басталады» деген сөздің терең әрі жан-жақты мағынасы бар. Қазақ әйелдері шаңырақтың ырыс-берекесін арттырып, өнегелі ұрпақ өсіріп отыр. Отбасындағы қасиетті миссиясы мен Отан алдындағы қастерлі міндетін қатар атқарып жүр.
Мен мұны елге деген сүйіспеншіліктің көрінісі және үлкен еңбектің арқасы деп санаймын. Әр отбасында тұрақтылық, береке-бірлік пен ырыс-несібе болса, Отанымыз да өсіп-өркендейді».