Жыл басынан бері мемлекеттік еңбек инспекторлары 11 мыңнан астам жұмыскердің құқығын қорғады. Биылғы тексерулер барысында еліміздегі 100-ден аса кәсіпорында 400-ден астам қызметкерге жалақы бойынша қарыз бар екені анықталды. Берешектің жалпы көлемі 284 млн теңгені құрайды. Тексерістер кезінде еңбек заңнамасын бұзудың мыңнан астам дерегі тіркелді. Соның нәтижесінде кәсіпорын басшыларына 700-ден астам міндетті ұйғарым беріліп, 89 млн теңгеден астам айыппұл салынды. Жалпы, жыл басынан бері мемлекеттік еңбек инспекторлары мыңнан астам тексеру жүргізіп, 1200-ден астам заң бұзушылықты анықтаған. Олардың басым бөлігі еңбек қатынастарына қатысты.
ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРЛІГІ:
Қабылданған шаралардың, оның ішінде жалақы бойынша берешекті өтеудің қатаң кестелері мен мерзімдерін белгілеудің нәтижесінде 354 жұмыскердің құқықтары қорғалды. Оларға 253 млн теңге төленді. Бұдан басқа, еңбек заңнамасының сақталуына мемлекеттік бақылауды қамтамасыз ету мәселелері ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ерекше бақылауында.