Солтүстік Қазақстанда тарих пен технология тоғысқан бірегей музей ашылды. Ғабит Мүсірепов ауданының шежіресін баяндайтын мәдени ошақ толықтай цифрландырылған. Мұнда археологиялық қазба жұмыстарын виртуалды түрде жүргізіп, табылған жәдігерлерді бірден 3D-принтерде басып шығаруға болады. Сондай-ақ, IT мамандары жасанды интеллект арқылы Тоқсан би мен Ғабит Мүсірепов сынды тұлғалардың цифрлық бейнелерін жасап, оларды «сөйлетіп» қойған. Келушілер 3D-көзілдіріктер арқылы әлемнің кез келген мұражайына виртуалды саяхат жасай алады.
БЕРІК САПАНОВ, ҒАБИТ МҮСІРЕПОВ АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Ел Президенті Қызылорда облысындағы V Құрылтайда айтқандай, осы мәдени мұраларды цифрландыру бойынша жұмыстар атқарылуда. Негізгі біздің мұражайымыз жай ғана заттардан құралған болса, бүгінгі күні сол заттардың бәрі цифрландырылды, жаңа форматқа көшті. Контентті жақсартып, жаңа форматта осы өзіміздің музейдегі жаңа жабдықталған құрылғыларға енгіздік.