Футболдан Қазақстан әйелдер құрамасы бүгін 2027 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңіндегі екінші ойынын Беларуське қарсы өткізді.
Қазақстандық футболшылар жарыстың бұл кезеңінде Армения мен Беларусьпен шеберлік байқасады. Ойындар наурыз, сәуір және маусым айларында өтеді.
Кездесу барысында қазақстандық футболшылар гол соғу мүмкіндігін іздеді. Дегенмен көздеген мақсатына жете алған жоқ.
Іріктеу кезеңінің алғашқы ойынында қазақстандық футболшылар Арменияны 3:0 есебімен жеңген еді.
Айта кетсек, бұдан бұрын Бегайым Қырғызбаева Қазақстан әйелдер ұлттық құрамасының бас бапкері қызметіне тағайындалған еді.
Бегайым Сапарқызы — қазақстандық әйелдер футболының ең жарқын өкілдерінің бірі.
Футболшы ретінде 11 рет Қазақстан чемпионы атанып, 10 мәрте Қазақстан Кубогын жеңіп алған.
Ұлттық құрама сапында 2003 жылдан бері өнер көрсетіп, Қазақстан әйелдер құрамасы тарихындағы ең көп матч өткізген рекордшы атанды. Оның еншісінде елдің басты командасы сапында 85 ойын және 17 гол бар.
Бегайым Сапарқызы бапкерлік қызметін 2022 жылы бастады. Ол «Оқжетпес» және «Елімай» әйелдер командаларын жаттықтырып, сондай-ақ Қазақстан әйелдер ұлттық құрамасында бас бапкердің көмекшісі қызметін атқарды.