Алматы қаласының Түрксіб ауданында ТМД елдері арасында теңдесі жоқ Қазақстандағы алғашқы жаңа форматтағы өрт сөндіру-құтқару кешені – №21 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі ашылды. Салтанатты ашылу рәсіміне Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі генерал-лейтенант Шыңғыс Әрінов, Алматы қаласы әкімінің бірінші орынбасары Алмасхан Сматлаев, бөлімшелердің жеке құрамы және қызмет ардагерлері қатысты.
Жаңа нысан жедел мақсаттағы «Алатау» оңтүстік базасының аумағында орналасқан және небәрі төрт айдың ішінде салынды. Инфрақұрылым құрамына әкімшілік-тұрмыстық блогы бар өрт сөндіру бөлімі, қызметкерлерге арналған тұрғын апартаменттер, «Batyr Team» жаттығу орталығы және заманауи спорттық инфрақұрылым кіреді.
Өрт сөндіру бөлімі алты бірлік арнайы техниканы орналастыруға арналған. Салтанатты рәсім барысында Шыңғыс Әрінов бөлімшеге жаңа техникалардың кілттерін тапсырды. Олардың қатарында өрт сөндіру автоцистерналары, автосаты, жедел қызметтік автокөліктер мен квадроциклдер бар.
Бірқатар қызметкерлерге қызметтік пәтерлердің кілттері де табыс етілді.
Әкімшілік-тұрмыстық блокта қызмет атқару үшін заманауи жағдай жасалған: оқу сыныбы, медициналық кабинет, жұмыс үй-жайлары, демалыс және тамақтану бөлмелері, санитарлық-тұрмыстық аймақтар және арнайы техникалық үй-жайлар жабдықталған.
Техникаға арналған автоматты қақпалары бар жылытылатын ангар, қарау шұңқыры, жуу аймағы және жеке диспетчерлік қарастырылған.
Кешен құрамына қызметкерлерге арналған жеке апартаменттер ғимараты да кіреді. Мұнда тұрғын бөлмелер, демалыс және тамақтану аймақтары, сондай-ақ құтқарушылар мен олардың отбасы мүшелерінің жайлы тұруына қажетті тұрмыстық үй-жайлар қарастырылған.
Іргелес аумақта балалар ойын алаңы жабдықталған.
Жеке құрамның дайындығы мен дене даярлығына ерекше көңіл бөлінген. Аумақта функционалдық жаттығу залы, жекпе-жекке арналған алаң және спорттық аймақтарды қамтитын «Batyr Team» жаттығу орталығы жұмыс істейді. Сонымен қатар құтқарушыларды дайындауға арналған футбол алаңы, жаттығу мұнарасы, воркаут алаңы және басқа да нысандар жабдықталған.
Жаңа бөлімше Алматы қаласындағы Түрксіб ауданының батыс бөлігін өрттен қорғауды қамтамасыз етеді. Қамту аймағына Әлмерек, Жұлдыз, Маяк, Көкжиек және Кемел шағын аудандары, сондай-ақ Алматы облысының Іле ауданына қарасты Gate City, Қоянқұс, Жаңаталап, Жаңадәуір және Ынтымақ елді мекендері кіреді. Қызмет көрсету аймағында 50 мыңнан астам адам тұрады және 230-дан астам кәсіпкерлік нысаны жұмыс істейді.
Жаңа өрт сөндіру-құтқару кешенін жауынгерлік есепке енгізу төтенше жағдайларға әрекет ету уақытын едәуір азайтуға және Алматы қаласы мен жақын маңдағы елді мекендер тұрғындарының қауіпсіздік деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.