$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Алматыда «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 954 пәтер кілті тапсырылмақ

AstanaTV
17.01.2018ж. 20:00
3161
Алматыда «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 954 пәтер кілті тапсырылмақ

Жақында Алматыда «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 954 пәтер кілті беріледі. Баспана алуға өтініш беру мерзімі қаңтардың 10-ы мен 16-сы аралығында жүргізілді. Үй қай кешеннен, қашан беріледі? Алматылық тілшіміз Олжас Нұржақып анықтап көрді.

5 жылдан бері мемлекеттік қызметте жұмыс істеп жүрген Гүлнәздың тұрғын үй кезегінде тұрғанына 4 жылға жуықтаған. Жақында «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша пәтер беру басталғанын естіген. Бағын сынау үшін электронды өтініш беріпті.

Гүлнәз Ахметова, Алматы қаласының тұрғыны:

ЦОН-ға келіп мамандардан мән-жайды білдім. Олар маған еGov порталы арқылы электронды қолтаңбаны қалай алу керек, қалай өтініш беру керек бәрін көрсетті. Енді, жақын арада бұйырса үй алып қаламын деген ойдамын.

Бағдарлама бойынша пәтер алуға өтініш бір апта ішінде берілуі тиіс болған. Осы аралықта халыққа қызмет көрсету орталығының жұмысы қыза түскен. Әсіресе, электронды цифрлы қолтаңба алушылар осы кезде 34 пайызға артқан.

Әсел Мамыржанова, Алматы қалалық халыққа қызмет көрсету департаментінің директоры:

Бағдарлама бойынша өтініш беру күні басталғаннан бергі 7 күнде  20 мыңнан астам адам электронды цифрлы қолтаңбасын алуға келген. Өткен бір айда дәл осы қызмет түріне 14 мыңдай жан жүгінген еді. Бірақ біз, нақты қанша азаматтың веб-портал арқылы үй кезегіне өтініш бергенін, айта алмаймыз. Өйткені электронды қолтаңба алғандардың әрқайсысына көрсетілетін қызмет әртүрлі.

Ал, басқармадағылар болса пәтер алу өтініш берумен бітпейтіндігін айтады. Кезекке тұрғандар саны анықталысымен, тексеру жұмыстары жүреді. Содан кейін ғана өтініш иесіне жауап қайтарылуы тиіс көрінеді.

Алтынай Әлімханова, Алматы қаласы тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасының бас маманы:

Әрбір өтініш иесі өзінің веб-порталдағы жеке кабинетінен өтініштің жағдайын бақылап отыруына болады. Өтініштің жауабы келген кезде, яғни ол кісіге жолдама берілген уақытта сәйкес қаржылық операторға төлем қабылетінен өтуге бару қажет.  Бағдарлама шеңберінде әрбір шаршы метрді жалға алу 786 теңгеден бастап 1120 теңгеге дейін құрайды.

Алтынай Әлімханова, сондай-ақ, ең бірінші кезекте көп балалы аналарға, толық емес отбасылар мен оралмандарға, мүгедектерге, әлеуметтік жағдайы төмен жанұяларға «Жас қанат» тұрғын кешенінен пәтер кілті табысталатындығын айтады. 954 пәтерді Қазақстан Ипотекалық компаниясы үлестіреді. Ал, сатып алу құқығы мен жалға алу мерзімі - 20 жыл.

Олжас Нұржақып, тілші:

Өткен жылы Алматыда кезекте тұрғандарға «Нұрлы жер» бағдарламасымен 4 618 пәтер берілген. Биыл әзірге 1300-дей пәтер кілтін табыстау жоспарланған. Бірақ үйлер үлестірілгенімен, тізім қысқарар емес. Бүгінде 20 мыңнан астам адам пәтер кезегінде тұр.

Олжас НҰРЖАҚЫП