АҚШ пен Израильдің Иранмен соғысының салдарынан мұнай бағасы көтерілуде. Трамп, тіпті, кейбір санкция салған елдерге кешірім жариялады. Бірақ, Иран Ормуз бұғазын толық бұғаттаса, бұдан 20 есе қатты соққы жасаймын дейді. Иран болса, жаңа көсемін тағайындады. Ол, жуырда қаза тапқан Әли Хаменеидің ұлы Моджтаба Хаменеи. Шартараптағы соңғы жаңалықтарды Еркелді Тілеуқұл шолып шықты.
Біздің әскерилер Иранның кемелерін ерікеннен батырып жатыр. Біздің күшіміз әлдеқайда көп. Трамп мақтануын тоқтатар емес. Бірақ, соғыстың салдары Американың халқына біліне бастады. Жанармай бағасы соғыс басталғанына 10 күн болмаса да, көтеріліп үлгерді. Трамп шұғыл шараларға баруға мәжбүр. Ал, Иран Ормуз бұғазын бұғаттаса, өкінеді, - дейді АҚШ Президенті.
ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:
Иран Ормуз бұғазынан бізге тиесілі мұнайға кедергі қойса, мен жазалаймын. Әзірге мен оларға уақыт беріп отырмын. Менің айтқаныма көнбесе не болатынын біледі. Кез-келген биліктегі шенеунік немесе әскерилерін санаулы секундта өлтіріп тастай аламын. Мұнай бағасын көтеріп, маған әсер етемін десе, бұдан 20 есе қатты соққы жасаймын.
Трамп тығырыққа тірелгенге ұқсайды. Жасырын инсайдерлер батыстық басылымдарға жаға ұстарлық жаңалық жеткізді. Трамп кейбір осыған дейін санкция салған елдерге кешірім жариялаған. Тіпті, жасырын түрде Ресей мұнайын сатуға да рұқсат берген.
ВЛАДИМИР ПУТИН, РЕСЕЙ ПРЕЗИДЕНТІ:
Біз ешқай мемлекетпен әріптес болудан, сауда-саттық жасаудан бас тартпаймыз. Қазірдің өзінде Еуропадағы екі мемлекет – Мажарстан және Словакиямен шикізат саудамыз тоқтамаған. Батыс елдеріндегі бізге өтініш жасаған кез-келген ел, тіпті, АҚШ-қа дейін мұнай сата аламыз.
Иран өзіне жаңа жау тілеп алды. Түркия жуық арада Иранға жауап қайтарамыз десе, Біріккен Араб Әмірліктерінің әуе күштері ұрысқа кірісіп кетті. Әзірге тек, ұшақтары аспанға көтеріліп, зымырандарды атып түсіруде. Қатар да, Иран әрекеттерінен әбден мезі болып, жақын арада ұрысқа кірісетінін айтты.
МҰХАММЕД БЕН АБДУЛРАХМАН ӘЛ ТАНИ, ҚАТАР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:
Біз ендігі Иранның сылтауларын, өтірік әңгімелерін тыңдай алмаймыз. Біздің елдігімізге қауіп төндіріп отыр. Осыған дейін, талай дипломатиялық көмек көрсетіп, АҚШ пен татуластыруға және диалог орнатуға көмектесіп келдік. Сондағы айтқан рахметтері осындай. Біз енді Иранға көмек көрсетпек түгілі, соққы жасаймыз.
Аустралия футболдан Иран әйелдер құрамасының 5 ойыншысына саяси босқын мәртебесін берді. Бұл туралы мемлекет басшысы Энтони Альбанезе мәлім етті. Бұл туралы Аустралия Премьер-министріне Трамптың өзі өтініш жасапты. Естеріңізге сала кетсек, Иранның әйелдер құрамасы жасыл құрлықтағы Азия чемпионатының 1/8 финалы аясында Оңтүстік Кореямен кездесті. Ойын алдында бас бапкермен бірге наразылықтарын білдіріп, әнұран айтудан бас тартқан. Сондықтан, олар елге қайтсақ, тірі қалмаймыз, - деп қауіптеніп отыр.