$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Алматы қоғамдық көлік компаниялары жол ақысын көтеруді сұрайды

AstanaTV
17.01.2018ж. 20:00
4182
Алматы қоғамдық көлік компаниялары жол ақысын көтеруді сұрайды

Алматыда қоғамдық көлік компаниялары жолақысын « Оңай» картасымен 100 теңгеге, ал қолма қол төлеммен 200 теңгеге көтеруді сұрайды. Шаһардағы қазіргі 80 теңге жолаушы тасымалымен айналысушылардың шығынын жаппайтын көрінеді. Жол жүру құны осы күйінде қала берсе, жаңа автобустар алмақ тұрмақ, көліктерді жөндеу мен оның өзге де қажеттіліктерін алудың өзі қиын болады, дейді компания өкілі. Жолаушы тасымалындаушылар автопарктердің шығыны 39 млрд теңге, ал кірісі небәрі 21 млрд теңге деп отыр. Жолаушы тасымалы қауымдастығының атынан Алматы қаласы әкімдігіне жолақысын көтеру не болмаса субсидиялау туралы хат жолданған. Оған қала ішінде қызмет көрсетіп жүрген 18 компания қол қойыпты.

Бауыржан Құлышев, "Green bus company" ЖШС Алматы филиалының директоры:

Жыл сайын дизель отыны 10-15 пайызға, газ 10-15 пайызға, электр энергиясы да осы көлемде өсіп келеді. Қосалқы бөлшектер  үш есе көтерілді. Автобустардың құны екі девальвациядан соң екі есеге артты. Осыған сәйкес біз үш жылдан бері тарифті көтеру немесе демеу қаржы бөлу туралы сұрап келеміз. Бірақ әкімдік қараусыз қалдырып отыр.

Сәбит Аманбаев, Алматы қалалық «Жолаушылар тасымалы кәсіпорындарының қауымдастығы» ЗТҰ президенті:

Біз белшеден қарызға баттық. Мынадай қымбатшылықта біз жағармай сатып алудың өзі мұң болуы мүмкін. Жанар-жағармайсыз парктер болса да тұрып қалады. Оған жеткізбеу үшін біз әкімдікке хатпен шықтық. Субсидиялау және жолақысын көтеру мәселесін тездетіп шешпесе болмайды. Мәселен, 1 ақпаннан Қостанайда 100 теңге болады, бізде де 100-ден кем болмауы керек. Ал дифференциалды тариф бізде 200 теңге болуы тиіс.

Бағаны көтеру туралы ұсыныс хатты алған әкімдік өкілдері жолаушы тасымалдайтын компаниялардың мәселесін шешу жолдарын қарастыратындарын хабарлады.