«Құрылыс сапасын қатаң тексеру керек». Үкімет басшысы елдегі тұрғын үйлердің жағдайы сын көтермейтінін айтып, дереу қолға алуды тапсырды. Бұған қатысты соңғы кезде тұрғындар тарапынан түскен шағым көп. Бір жылда 63 мыңнан аса арыз түскен. Сапаны емес санды ойлайтындарды сынаған Бектенов ипотека алу жолын жеңілдетіңдер деп пәрмен берді. Енді үй бағасы арзандай ма? Әріптесім Аружан Задабек жауаптылармен тілдесті.
АРУЖАН ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:
“Үйі жоқтың күйі жоқ” десек, арамызда күйсіз адамның кейпін кешкендер аз емес. Қуықтай бөлмеге зар болып, қалтасын қайта қайта сипаған қарапайым халық баспаналы болған күнімізді тек түсімізде көрмесек болды деп налиды. тұрғын үйдің тұтқасын ұстауға зар болған тұрғындар теңгенің тиімсіз екенін айтып отыр. Олар үшін Бағаның жыл сайын шарықтап жатқаны - ауыр жүк. Мәселенің барын жауаптылар да мойындап отыр. Сол үшін Үкімет биыл шын мұқтаждарға үй беріледі деп сүйіншілетті. Қоныс той тойлайтындардың қатарында кімдер болады? Рет-ретімен тоқталайын.
Құрылыс қарқын алды. Тұрғын үйлер көз елеспен жылдамдықпен салынып жатыр. Былтыр 20 миллион шаршы метр баспана пайдалануға беріліп, 185 мың отбасы өз шаңырағына көшті. Саладағы өсім – 16 процент. Статистика әдемі, бірақ бұл кілтке қолын жеткізе алмай жүрген тұрғын аз дегенді білдірмейді. Пәтерден пәтерге көшіп, жүгін жүз жинайтындар қатары әлі де азая қойған жоқ. Министр сол үшін биыл жұмысты одан да жетілдіре түсеміз дейді. Ал, бағасына келсек, аса өзгеріс болмайтынын айтып, уәде берді.
ЕРСАЙЫН НАҒАСПАЕВ, ҚР ӨНЕРКӘСІП ЖӘНЕ ҚҰРЫЛЫС МИНИСТРІ:
Биылғы жылы тұрғын үй құрылысының болжамды көлемі он сегіз жарым миллион шаршы метрді құрайды және қосымша шаралар қолданған жағдайда бұл көрсеткішті арттыруға мүмкіндік бар. Ең жоғары көлем Астана, Алматы және Шымкент қалаларында болжанып отыр.
Тиімді бағдарламалар жоқ емес, бар. Мәселен былтыр «Наурыз» және «Наурыз – жұмыскер» арқылы 233 миллиард теңгеге 8,5 мыңнан астам несие берілді. «Отбасы банк» 77 мыңнан астам ипотекалық қарыз рәсімдеді. Ал биыл «Бәйтерек» холдингі тұрғын үй құрылысына шамамен 2,4 трлн теңге көлемінде қолдау көрсетпек. Сол арқылы 70 мыңнан астам отбасыға жеңілдетілген ипотека беріледі.
БОЛАТ АЙДАПКЕЛОВ, «БӘЙТЕРЕК» ҰБХ» АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:
Отбасы банк тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесі бойынша 2025 жылы халыққа 1 трлн 645 млрд теңге көлемінде 77 148 қарыз берді.
Құрылыс сапасы бөлек әңгіме. Былтыр 63 мыңнан астам шағым түскен. Динамиканы құлдыратпауды ойлайтын кәсіпкерлер сапаға емес, санына мән беріп кетті. Салдарынан салынғанына бір жыл да толмаған тұрғын үйдің қабырғасы құлап, шатыры ұшып жатыр. 2016 жылдан бері мемлекет құрылысты толық қадағалай алмады. Бізде салынатын нысандардың 84 процентіне жеке компания “өздері би, өздері қожа”. Ешкімге есеп бермеді, бағынбады. Енді жыр болған Құрылыс кодексі қабылданса мемлекеттің бақылау мүмкіндігі 16%-дан 40%-ға дейін ұлғаяды. Кепіл уақыты ұзарады. Бұған дейін қандай нысан салынса да мердігер компания оған екі-ақ жыл жауапты болды. Одан кейін қирайды ма, құлайды ма шаруасы жоқ. Салдарынан, көпке ұзамай сүрілген нысан саны артты. Енді ондай батпанқұйрық жоқ. 10 жыл бойы жауап береді.
ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:
Жаңа Құрылыс кодексі осындай олқылықтардың алдын алуға бағытталып отыр. Ол ескірген нормалардан халықаралық стандарттарға, цифрлық және автоматтандырылған технологияларға көшу арқылы бүкіл саланы жүйелі түрде жаңартуды қамтамасыз етеді. Мемлекеттік бақылау күшейтілді.
Соңғы жылдары елде болған түрлі төтенше жағдай кодексті жеделдету керек екенін ұқтыртты. Алдымен су тасқыны, артынан Алматыда қайта-қайта қайталанған жер сілкінісі. Бұл оқиғалар саладағы былықты су бетіне қалқытты. Мәселен, қазір елде сел, лай көшкіні қаупі жоғары аумақтарда жүздеген үй тұр. Дүмпу болуы ықтимал жерге 4 қабатқа дейін нысандар салуға рұқсат беріледі. Енді Сейсмологиялық карта арқылы ғылыми тұрғыда қауіпсіз жер зерттеледі. Сосын ғана құрылысқа рұқсат беріледі.
АРУЖАН ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:
Үкіметтің жоспары - осы. Олар берген мәліметке қарап, биыл кілт алатындар қатары көбейеді деп үміттендік. 70 мың мұқтаж отбасы “Өз үйім - өлең төсегім” деп әндетеді деп уәде берді. Ендеше, қоныс тойда жүздесейік!