Сайлау учаскелерінде азаматтардың дауыс беруі үшін барлық жағдай жасалған. Нұрлан Әбдіров бастаған Орталық референдум комиссиясының делегациясы Астанадағы учаскелердің дайындығын тексерді. Онда бюллетень үлгілері, жаңа Конституция жобасының мәтіні және дауыс беру ережелері орналастырылған. Мүгедектігі бар адамдарға да арнайы жағдай қарастырылған. Учаскелерде Брайль қарпі бар трафареттер мен ыңғайлы дауыс беру кабиналары дайындалған. Тұрғындар өздерінің қай учаскеде дауыс беретінін eGov Mobile қосымшасы, банктердің мобильді қосымшалары немесе SMS арқылы біле алады. Сонымен қатар, азаматтарға QR-коды бар жеке шақырулар таратылып жатыр. Астанада дауыс беру құқығы бар 1 миллионнан астам азамат бар, референдумды өткізуге барлығы 508 комиссия жұмыс істейді.
НҰРЛАН ӘБДІРОВ, ҚР ОРТАЛЫҚ РЕФЕРЕНДУМ КОМИССИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
Бүгінгі таңда референдумға дайындық өзінің межесіне жетіп қалды. Негізгі шаруалардың барлығы шешілді. Бұл жерде айту керек жергілікті атқарушы органдар, әкімдіктер бұл қызметке белсене қатысып жатыр. Себебі ең маңызды сұрақтардың бірі әр бір дауыс беретін учаскелердің материалдық техникалық қамтылуы тікелей осы әкімдіктердің құзырында.