$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Ауа райына байланысты дауылды ескерту жарияланды

11.03.2026ж. 09:19
Ауа райына байланысты дауылды ескерту жарияланды
Фото: istockphoto.com

«Қазгидромет» РМК мәліметінше, елдің солтүстік, шығыс және орталық аймақтарында қар, бұрқасын, көктайғақ, тұман және қатты жел күтіледі. Кей өңірлерде желдің екпіні 30 м/с және одан да жоғары болуы мүмкін.

Павлодар облысының батысында, солтүстігінде және шығысында қар, бұрқасын және тұман болжанып отыр. Павлодар қаласында түнде қар мен бұрқасын күтіледі. Жел оңтүстік-батыстан соғып, екпіні 15–20 м/с, кей уақытта 23–28 м/с-қа дейін жетуі ықтимал.

Ақмола облысында да қатты жел күтіледі. Синоптиктердің болжамынша, желдің жылдамдығы 15–20 м/с болады, ал кей аумақтарда екпіні 23–28 м/с-қа дейін күшейіп, жекелеген сәттерде 30 м/с және одан да жоғары болуы мүмкін. Осындай жағдай Көкшетау қаласында да байқалады.

Солтүстік Қазақстан облысында оңтүстік-батыстан соққан желдің күші 15–20 м/с болады, күндіз екпіні 23–28 м/с-қа дейін күшейеді. Кей уақыттарда желдің жылдамдығы 30 м/с-тан асуы ықтимал. Петропавлда да осындай жел күтіледі.

Түркістан облысының таулы аудандарында қатты қар жауып, көктайғақ пен жаяу бұрқасын болуы мүмкін. Облыстың бірқатар аумағында тұман түседі. Жел солтүстік-шығыстан соғып, кей жерлерде 15–20 м/с-қа дейін күшейеді.

Қостанай облысында қар мен бұрқасын күтіледі. Желдің жылдамдығы 15–20 м/с, кей уақытта 23–28 м/с-қа дейін жетеді. Кей өңірлерде тұман түсуі мүмкін.

Қарағанды, Ұлытау және Ақтөбе облыстарында да қар, жаяу бұрқасын және тұман болжанып отыр. Желдің екпіні 15–20 м/с, кей жерде 23–28 м/с-қа дейін күшейеді.

Шығыс Қазақстан және Абай облыстарында қар, бұрқасын және көктайғақ күтіледі. Түнде кей аумақтарда қатты қар жаууы мүмкін. Желдің екпіні 23–28 м/с-қа дейін жетеді.

Жетісу облысында түнде қар мен жаяу бұрқасын болжанған. Таулы аудандарда кей уақытта қатты қар жауып, тұман мен көктайғақ болуы мүмкін. Алакөл көлдері маңында желдің екпіні 23–28 м/с-қа дейін жетеді.

Атырау облысының батысы мен оңтүстігінде тұман түседі. Жел оңтүстіктен және оңтүстік-батыстан соғып, кей жерлерде 15–20 м/с-қа дейін күшейеді.

Маңғыстау облысында да жел күшейеді. Ақтауда және өңірдің батысы мен орталығында желдің екпіні 15–18 м/с болуы мүмкін.

Қызылорда облысында батыстан соққан жел оңтүстікке ауысып, күндіз облыстың солтүстігінде 15–20 м/с-қа дейін күшейеді.

Батыс Қазақстан облысының бірқатар аумағында қар, жаяу бұрқасын және көктайғақ күтіледі. Жел солтүстік-батыстан соғып, екпіні 15–20 м/с болады.

Синоптиктердің болжамынша, елорда Астанада да кей уақытта қар жауып, бұрқасын болуы мүмкін.