$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Қарағандыда Қазақстанның жаңа Конституциясындағы өңірлердің рөлі талқыланды

11.03.2026ж. 12:57
Қарағандыда Қазақстанның жаңа Конституциясындағы өңірлердің рөлі талқыланды

Жалпыұлттық референдум қарсаңында Қарағандыда Қазақстанның жаңа қоғамдық-саяси моделіндегі өңірлердің рөлі талқыланды. Бір үстел басына билік өкілдері, ғылыми және сарапшылық қауымдастық, саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері жиналды.

«Жаңа Конституция: Қазақстанның болашақ институционалдық архитектурасындағы өңірлердің рөлі» тақырыбындағы дөңгелек үстел «Amanat» партиясының облыстық филиалында өтті. Қатысушылар азаматтардың құқықтарына кепілдіктерді нығайту, жаңа институттардың — Құрылтай мен Қазақстан Халық Кеңесінің рөлі, жастар, отбасы және қоғам үшін жаңа мүмкіндіктер сияқты маңызды мәселелерді талқылады.

Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев жаңа Конституция жобасы мемлекеттің жаңартылған қоғамдық-саяси моделін қалыптастырып, өңірлердің мүмкіндіктерін кеңейтетінін атап өтті.

— Жаңа Конституцияның негізгі қағидаты — адамға бағдарлану. Яғни басты назарға адам және оның қажеттіліктері қойылады. Бұл атқарушы билік жүйесіне, оның ішінде өңірлік әкімдіктерге қойылатын нақты талап, — деді Ермағанбет Бөлекпаев. — Біздің индустриялық-технологиялық өңір үшін Негізгі заң жобасының кіріспесі мен баптарында бекітілген жаңа идеологиялық ұстанымдардың маңызы зор. Олар — еңбекқорлық, прогресс, білім құндылықтары, сондай-ақ жоғары экологиялық мәдениетті қалыптастыру. Жаңа Конституция жұмыспен қамту, цифрландыру, қоршаған ортаны қорғау және адами капиталды дамытуға бағытталған ұзақ мерзімді бағдарламаларды тұрақты қолдаудың бұрын-соңды болмаған құқықтық негізін қалыптастырады.

Жаңа Конституцияның негізгі міндеттерінің бірі — құқықтық мемлекет қағидаттарын нығайту және азаматтардың құқықтарын қорғау кепілдіктерін күшейту. Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты төрағасының орынбасары Жақып Асанов сот жүйесін дамыту және соттардың тәуелсіздігін күшейту мәселелері туралы айтты.

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің заң қызметі департаментінің директоры Серік Беркамалов өз сөзінде еңбек заңнамасын дамыту және азаматтардың құқықтарын қорғау кепілдіктерін күшейту мәселелеріне тоқталды.

— Жаңа Конституция жобасында адамның еңбек ету құқығы бекітіледі. Бұл — кеңірек әлеуметтік ұғым. Ол тек мамандықты еркін таңдауды ғана емес, сонымен қатар еңбекті адамның өзін-өзі жүзеге асыруының маңызды нысаны ретінде мойындауды білдіреді, — деді ол.

Қазақстан халық партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Ерболат Закиров конституциялық реформалардың жастар үшін маңызын атап өтті.

— Қазақстанның қазіргі жастары — білімді, бастамашыл әрі әлемге ашық буын. Жаңа конституциялық модель олар үшін білім алу, кәсіби тұрғыда жүзеге асу және қоғамдық өмірге қатысу бағытында қосымша мүмкіндіктер ашады, — деді партия өкілі.

Дөңгелек үстелге қатысушылар конституциялық реформаларды сараптамалық тұрғыда сүйемелдеудің маңызын және Қазақстанның жаңа институционалдық архитектурасын қалыптастыруда өңірлердің белсенді рөл атқаратынын атап өтті.