Иранға қарсы соғысқа Еуропа араласуы мүмкін. Себебі, Иран Кипрдегі Ұлыбритания және Францияның базасын шабуылдаған. АҚШ Қорғаныс министрі Пит Хегсет Иранды тізе бүктіруге сәл қалдық, - дейді. Бірақ, АҚШ Конгрессі Трампқа қарсы тергеуді бастады. Олар соғыстың басталуын заңсыз деп, Президентті жауапқа тартпақ.
Еуропа Иранға қарсы соғысқа қосылуы мүмкін. Ислам республикасы Кипрге баллистикалық зымырандармен шабуыл жасаған. Атап айтқанда, Ұлыбритания мен Францияның әскери базалары зардап шекті. Ұлыбритания бір топ әскери кемені Жерорта теңізіндегі аралға жіберді. Ал, Франция Президенті Эммануэль Макрон ұшақ тасымалдағыш кемені жөнелтті. Бірақ, одан бұрын аралға жұмыс сапарымен өзі жетіп барды.
ЭММАНУЭЛЬ МАКРОН, ФРАНЦИЯ ПРЕЗИДЕНТІ:
Кипрге шабуыл жасау – бүкіл Еуропаға шабуыл жасаумен тең. Сондықтан, біз қарап отырмыймыз. Аралды қорғауға іспен емес, сөзбен кірісеміз. Жуырда Францияның Теңіз күштері де, әуе күштері де аралға келеді. Көрдіңіздер, біз бұл соғысқа араласпай, дипломатиялық жол іздеуге шақырдық. Бірақ, Кәрі құрлықтың шекарасына қауіп төніп отыр. Одан бөлек, Ормуз бұғазы да біздің алаңдаушылығымызды тудырып отыр.
АҚШ Иранды түбегейлі тізе бүктіруге жақын. АҚШ Қорғаныс министрі – Пит Хегсет осылай деді. Күні кеше теңіз күштері Иранның мина қойғыш кемелерін суға батырды. Ал, бүгін АҚШ осыған дейін болмаған жойқын соққылар жасайды, - дейді ведомство басшысы.
ПИТ ХЕГСЕТ, АҚШ ҚОРҒАНЫС МИНИСТРІ:
Біз толық жеңіске жетпейінше, бұл соғысты тоқтатпаймыз. Тұрақты түрде Ираннан барлау ақпараттарын алып отырмыз. Бүгін ұшақтарды көптеп іске қосып, өте көп зымырандар жібереміз. Жерден де жаңа жүйелермен шабуылдаймыз. Байқасаңыздар, Иран кеше осы соғыс басынан бері жіберген зымырандары мен дрондарының саны едәуір азайған. Бұл жақсы белгі деп санаймын.
Бірақ, АҚШ Конгрессі бұл соғысқа қарсы. Заң шығарушы орган Трампқа қарсы тергеу бастады. Айта кетейік, АҚШ Президенті Конгресс рұқсатын сұрамай, соғыс бастай алмайды. Тергеудің негізгі себебі де осы. Әсіресе, демократтар Трампты жауапқа тартуға білек сыбана кірісті.
РИЧАРД БЛЮМЕНТАЛЬ, АҚШ КОНГРЕССІ СЕНАТЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Президентке сенсек, бәрі керемет. Соғыс аяқталуға жақын. Жеңістің ауылы да алыс емес. Дегенмен, бұл мәселеге ашық қарасақ. Соғыстың мақсаты да жоқ. Ең сорақысы осы. Бұның арты не болады? Одан сайын лаңкестіктің өршуіне алып келмей ме? Осы сұрақтар бізді мазалайды. Сондықтан, біз Президентке ойына келгенін істеуге мүмкіндік бермеуіміз керек. Ол босқа бюджет ақшасын соғысқа жұмсап отыр, - деп сеніммен айта аламын.
Израиль де тыныш отырған жоқ. Ливан астанасы Бейрутке әуе соққысын жасаған. Әуе бомбасы тұрғын үйге түскен. Нәтижесінде, 4 адам жарақат алды. Жалпы, Наурыз айының басынан бері Ливан билігінің мәліметінше, Израиль соққыларынан 570 адам қаза тауып, 1444 адам жараланды.