ТМД елдері радиациялық жағдай туралы мәліметтерді өзара жедел алмасатын болады. Мәжіліс осыған қатысты халықаралық келісімді ратификациялады. Құжат төтенше жағдайлар кезінде ақпаратты жылдам жеткізіп, ықтимал қауіптің алдын алу үшін бірлесіп әрекет етуге мүмкіндік береді.
Жаңа келісім Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына мүше елдердің уәкілетті органдары арасында радиациялық жағдай туралы деректерді тұрақты түрде бөлісуді көздейді. Әсіресе радиоактивті заттардың бір елден екінші ел аумағына таралу қаупі туындаған жағдайда ақпаратты жедел жеткізу маңызды. Бұл өз кезегінде төтенше жағдайлардың салдарын азайтуға және алдын алу шараларын уақытында қабылдауға көмектеседі.
ЕРЛАН НЫСАНБАЕВ, ҚР ЭКОЛОГИЯ ЖӘНЕ ТАБИҒИ РЕСУРСТАР МИНИСТРІ:
Атауына сәйкес аталған құжат уәкілетті органдардың радиациялық жай-күйі туралы, оның өзгерістері, сондай-ақ радиоактивті заттарды трансшекаралық тасымалдау қаупі немесе фактілері туындаған кезде ақпараттық ынтымақтастық іс-қимылдарын үйлестіруді көздейді.
Қазақстанда радиациялық жағдай тұрақты бақылауда. Ел аумағындағы радиациялық фонды ұлттық гидрометеорологиялық қызмет бақылап отыр. Мамандар республика бойынша орналасқан ондаған бақылау пунктінде гамма-сәулелену деңгейін және атмосферадағы бета-белсенділікті тұрақты түрде өлшейді. Бұл көрсеткіштер тәулік сайын сараланып, мамандар тарапынан талданады.
ЕРЛАН НЫСАНБАЕВ, ҚР ЭКОЛОГИЯ ЖӘНЕ ТАБИҒИ РЕСУРСТАР МИНИСТРІ:
Еліміздің географиялық орналасуын ескеріп, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерінің аумағында радиациялық мониторинг деректерімен алмасудың бірыңғай тетігін енгізу - цифрлық заманның өзекті талабы. Сонымен қатар, халықаралық қоғамдастықта осы саладағы өзара іс-қимылдың ұқсас әдістері қолданылатынын айта кету керек.
Экологиялық қауіп-қатерлер мемлекеттік шекарамен шектелмейді. Бір елде болған радиациялық апат көрші мемлекеттердің экологиялық жағдайына да әсер етуі мүмкін. Мәселен, Халықаралық атом энергиясы агенттігі аясында тәулік бойы жұмыс істейтін арнайы платформа бар. Ал Еуропалық Одақ мемлекеттері радиациялық бақылау мәліметтерін нақты уақыт режимінде ортақ жүйе арқылы бөліседі.
ВЕРА КИМ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, "AMANAT" ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Аталған құжатты ратификациялау қажетті ақпаратпен жедел алмасуға, сондай-ақ адам өміріне, оның денсаулығына және қоршаған ортаға төнген қауіпке шұғыл ден қою шараларын қабылдауға мүмкіндік береді.
ТМД елдері арасындағы жаңа келісім радиациялық қауіпсіздікті күшейтуге мүмкіндік бермек. Келісім күшіне енгеннен кейін қатысушы мемлекеттер радиациялық жағдайдағы кез келген өзгеріс туралы жедел хабарлап отырады. Бұл адам өмірі мен денсаулығын қорғауға, сондай-ақ қоршаған ортаны қауіптен сақтауға бағытталған маңызды қадам болмақ.