Баспана саудасының ережесі өзгерді. Енді құрылысы аяқталмаған нысаннан пәтер жарнамалау үшін компанияның қалтасында әкімдіктің рұқсаты немесе арнайы кепілдік болуы шарт. Талапты бұзғандарға миллиондаған айыппұл салынады. Алайда, заңның қатаңдауы нарықты алаяқтардан тазарта ма? Әріптесім толығырақ тарқатады.
Биылдан бастап елімізде үлестік құрылыс нарығына қойылатын талап қатаңдады. Енді құрылыс салушылар «Қазақстан тұрғын үй компаниясының» кепілдігінсіз немесе әкімдіктің рұқсатынсыз нысанды жарнамалай алмайды. Заңды белшесінен басқандарға 1000-нан 2000 АЕК-ке дейін айыппұл қарастырылған. Сондықтан кез келген мәміле жасамас бұрын, компанияның сенімділігін бизнес-сәйкестендіру нөмірі арқылы тексеру әрбір сатып алушы үшін алғашқы қадам болуы тиіс.
РУСЛАН ТАҒАЕВ, «ҚАЗАҚСТАН ТҰРҒЫН ҮЙ КОМПАНИЯСЫ» АҚ ДЕПАРТАМЕНТ ДИРЕКТОРЫ:
Кез келген үлескер кез келген азамат құрылысы жүріп жатқан пәтерден бірінші үй алу үшін оны алдымен тексеру керек. Бүгінгі күні енді цифрлық дамыған заман ол тізімді "HomePortal" сайтынан көруге болады, сонымен қатар мобильдік қосымшаларда да бар. "eGov" мобильдік қосымшасында арнайы сервис бар. Кез келген құрылыс салушы компанияның атын БИН терсеңіз шыға келеді үлескердің құрылыс салуға құқығы бар ма жоқ па.
Дегенмен, заңның күшеюі халық үшін жанама кедергілер де тудыруда. Мәселен, елімізде бір жарым миллионнан астам адамның банк шоттары қарыз немесе өзге де міндеттемелерге байланысты бұғатталған. Жаңа ереже бойынша баспана саудасын тек аударым арқылы жүргізу талабы дәл осы топтағы азаматтардың баспана алу мүмкіндігін шектеуі мүмкін. Құқық қорғаушылар қолма-қол есеп айырысуға тыйым салу «Азаматтық кодекстегі» еркін сауда қағидаларына қайшы келеді деп есептейді.
ҚУАТ АУҒАНБЕК, ЗАҢГЕР:
Мысалы қолма қол төлейтіндер бар, банкке сенбейтіндер бар, банк картасының бізде 1 миллионнан астам халықтың банктік счеттары аресте. Сол себептен кейбірі қолма қол төлемді қолданады, қолма қол қолдануды бізден әлі ешкім алып тастаған жоқ сол себепті азаматтық құқығы бұзылады.
Қаржылық ашықтықтың жоқтығы алаяқтардың қолын ұзартып отыр. Соңғы бір жылда елімізде «бір пәтерді бірнеше адамға сату» дерегі бойынша жүздеген қылмыстық іс тіркелді. Көбіне компаниялар «брондау» немесе «инвестициялық келісім» деген заңсыз құжаттарды алға тартып, ақшаны қолма-қол жинайды. Мұндай жағдайда құрылысқа жауапты мердігерлер мен салушылар өзара келіспей қалса, салымшы баспанасыз да, қаржысыз да қалуы ғажап емес.
ДАМИР БАЙКОВ, БРОКЕР:
Алаяқтық схемалардың жолын кесу үшін азаматтар барынша сақ болуы тиіс. Әсіресе, құжат рәсімдеуде сенімді нотариустарды таңдап, риэлторлар мен ипотекалық брокерлердің көмегіне жүгінген абзал. Қазіргі таңда бір пәтерді бірнеше адамға қайта сату деректері жиілеп кетті. Көбіне бұл құрылыс салушы мен мердігер арасындағы келіспеушіліктен туындайды. Мысалы, жақында ғана мердігер мекеме келісімшарттың бұзылғанына қарамастан, пәтерлерді заңсыз сатып, алаяқтыққа барған. Сондықтан әрбір мәмілені мұқият тексеру қажет.
Тұрғын үй нарығындағы жаңа талаптар «сұр» схемаларды жоюға бағытталған маңызды қадам. Бірақ заңның қатаңдығы бір жағынан ашықтық әкелсе, екінші жағынан төлем жасаудың балама жолын іздегендерге тұсау болуда. Қалай болғанда да, баспана іздеген азаматтарға «келісімшартқа қол қоймас бұрын, оның мемлекеттік базада тіркелгеніне көз жеткізіңіз» деген алтын ереже қалады. Бұл пәтерсіз де, ақшасыз да қалмаудың жалғыз кепілі.