Итттердің терісін сыпырып, басын кескен. Сорақысы төртаяқтыларды қаптарға салып, балалар алаңы мен қоқыс жәшігінің маңына тастап кеткен. Алматыдаға жаға ұстатарлық көріністі көрген куәгерлер бірден полицияға хабарлаған. Жеті қазынаның бірін қорлап жүргендер кімдер? Әйгерім Есенкелді анықтады.
АЙКЕРІМ ЕСЕНКЕЛДІ, ТІЛШІ:
Терісі сыпырылған иттің өлекселері осы жерден табылған. Төрт аяқты үй жануарын асқан жауыздықпен өлтіріп қана қоймай, ішек-қарнын ақтарып, қалдықтарын жан-жаққа шашып кеткен көрінеді. Қаптардың бірінен тіпті түлкінің басы да шығыпты. Көріп тұрғандарыңыздай, қазір бұл жер таза. Бірақ, өлексенің иісі қолқаны қапады, дем алу мүмкін емес.
Тұрғындардың айтуынша, мұндай жағдай бұл аумақта алғаш рет емес. Күдікті сол маңдағы жер үйде тұрады. Ал көршілері бұған дейін де бұл жақтан жағымсыз иіс шығып, күмәнді дыбыстар естігендерін айтты.
ЮЛИЯ ШУПРАКОВА, КӨРШІСІ:
2025 жылы біз бірінші тұрған көршінің ауласына кірдік. Онда иттердің өлі денелері мен сүйектері жатты. Учаскелік полиция келгенде бұл жеке аумақ,ештеңе істей алмаймыз деді. Олардың үйінде әрдайым көп ит болатын. 10-15 шақты. Буаз иттерді жиі көретінбіз. Күшіктері туғаннан кейін олар көрінбей кетеді де, тек аналары ғана қалатын.
Мамандардың айтуынша, жануарлардың денесінде кәсіби түрде терісі сыпырылғанының белгілері байқалады. Кейбірінде құлағы мен тұмсығы жоқ. Бұл әдетте теріні арнайы өңдеу кезінде қолданылатын тәсілге ұқсайды дейді.
МУНИРА БАЯНБУЛОВА, ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЖАНУАРЛАРДЫ ҚОРҒАУ ҰЙЫМЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Барлығы өте ұқыпты кесілген. Сондықтан мен мұны әдейі істеген болуы мүмкін деп ойлаймын. Меніңше, жануарлардың терісін алып, белгілі бір мақсатта пайдаланбақ болған. Мысалы теріден бұйым жасауға, белбеу ме немесе ит майын алу үшін істеген болуы мүмкін.
Алынған терілер мен басқа да бөліктердің қайда кетіп жатқаны белгісіз. Көршілердің сөзінше, бұл іспен 22 жастағы жігіт айналысып жүрген. Ал ата-анасы ұлдарының ісін қолдайтын көрінеді. Қазір осыған байланысты табылған жануарлардың қалдықтары сараптамаға жіберіліп, күдіктілерге қатысты іс қозғалды.
САЛТАНАТ ӘЗІРБЕК, ҚАЛАЛЫҚ ПД РЕСМИ ӨКІЛІ:
Аталмыш дерек бойынша Алатау аудандық полиция басқармасымен қылмыстық кодекстің 316 бабының нормалары бойынша қылмыстық іс қозғалып, қазіргі таңда іскесу шаралары жүргізілуде. Бірнеше жұмыс болжамдарымыз бар, оларды жария ете алмаймыз. Өйткені істің ашылып, ашылмауына кесірін тигізуі мүмкін. Бірақ міндетті түрде анықталып, күдіктілер жауапқа тартылады.
Үй жануарларын өлтіргендерге тек айыппұл салынады. Сондықтан болар қатыгездік әрекеттер азаяр емес.